Хабар телеарнасы

Түркістан облысында зорлық-зомбылық азаймай тұр

Түркістан облысында жыл басынан бері 900-ден астам тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Көбіне ана мен бала зардап шегеді. Қазір өңірде тұрмыстық жанжал құрбандарына жәрдем беру үшін 10-нан астам орталық жұмыс істейді. Онда жәбірленушілерге моральдық-психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі.

Дүйсенкүл Сыбанның дағдарыс орталығына келгеніне 1 ай болыпты. Бірінші некесінен бір баласы бар. Дәм-тұзы жараспаған соң ажырасып кеткен. Екінші рет тұрмыс құрғанымен ата-енесі, кейін күйеуі қосылып, өзіне де, баласына күн көрсетпегінін айтады.

Дүйсенкүл Сыбан, Келес ауданының тұрғыны:

- Ата-анасы баламды түркілеп, ұрды. Баламды не үшін ұрады дедім. Сосын күйеуіммен де ортамызда ұрыс болды. Қабырғаға тақып, қылқындыра бастады. Сосын баламды ұрып жатқан еді, баламды көтердім де жүгіріп, сыртқа шығып кеттім. Полицияға хабарластым, «мені күйеуім ұрып жатыр. Маған көмектесіңдерші», - дедім.

Қазір әлеуметтік орталықты отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 8 әйел мен 26 бала паналап отыр. Орталық қызметкерлері 4 әйелді жұмысқа орналастырып, балаларын бақшаға жайғастырған.

Ербол Мырзабайұлы, Дағдарыс орталығының директоры:

- Бұрыннан мұндай жағдай болып келді, бірақ көп жағдайда жабулы күйінде қалатын. Қазір жаңа заң күшіне еніп жатыр. Осыдан кейін көптеген өзгерістер болады деген сенімдеміз.

Жаңа заң бойынша 15 заңнамалық акті мен 8 кодекске және 7 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңгерлер бұл ана мен бала құқығын қорғап, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға септігін тигізетін айтады.

Нүркен Естенбеков, заңгер:

- Қазіргі таңда зорлық-зомбылық, отбасылық құқықбұзушылықтар бойынша шағымның қажеті жоқ. Заңбұзушылық анықталса, әрекетіне қарай қозғала береді.

Булинг, кибербуллинг, өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу, мәжбүрлеу деген сияқтыларға заң нормасы қатаңдатылды.

Жыл басынан бері облыстағы дағдарыс орталықтарына отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған 92 адам орналастырылған. Оның 34-і әйел, 58-і бала. Мамандар енді ана мен бала құқығына қатысты заңбұзушылықтар азаяды деп отыр. Статистикалық көрсеткішті заң күшіне енгеннен бастап 6 айдан кейін байқауға болады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш