Хабар телеарнасы

Су тасқынынан зардап шеккен Жалаулы ауылының тұрғындарына жаңа үй берілді

Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Жалаулы ауылының тұрғындары қоныс тойын тойлап жатыр. Ал шалғайда жатқан елді мекеннің  картасында жаңа көше пайда болды. Қаз-қатар тізілген жаңа үйлер ауылдың ажарын ашып, елдің  еңсесін көтергендей. Естеріңізге сала кетсек, наурыз айының соңында 14 үй су ортасында қалған еді. Шұғыл түрде  төтенше жағдай  жарияланып, тұруға  жарамсыз деп танылған 5 апатты үйді қайтадан салу туралы шешім қабылданды. Бұл Жалаулы ауылында соңғы 30 жылда бой көтерген алғашқы үйлер. Төтенше жағдайдың салдарын жоюға барлық күш жұмылдырылды. Бөгет салып, үш бірдей шұңқыр қазылды. Енді ауылға тасқын судан қауіп төнбейді.

Серік Ахметов, Жалаулы ауылының тұрғыны:

- Көрген бейнетіміз артта қалсын. Келешекте енді осындай жағдай осы Қазақстан еліне келмесін деп айтамын. Басқа жерлерде бұдан ауыр болды ғой,  сол елдің де салынып жатқан үйлері бәрі жақсы бітіп, тек  жақсылық болсын.

Александр Терентьев, мердігер компанияның бас  директоры:

- Жұмыстың сапалы атқарылғанын өздеріңіз байқаған боларсыздар. Мен үйлерді заман талабына сай етіп салғыздым.  Жуынатын бөлмеге кіріп, қолдарыңызды жылы сумен жуып шықтыңыздар. Ұзақ жылу сақтайтын пеш орнаттық. Оны да көрген боларсыздар. Үйдің жалпы аумағы 102 шаршы метр. Барлығы жоспарға сай жасалды.