Хабар телеарнасы

«Таза Қазақстан»: Ақтөбелік тәртіп сақшылары көпқабатты үйлердің аулаларын тексерді

Ақтөбе қаласының тәртіп сақшылары «Таза Қазақстан» науқаны аясында «экопатруль» ұйымдастырып, көпқабатты үйлердің аулаларын тексерді. Қоқысы шашылып жатқан үй тұрғындарына ескерту жасап, жалпыға ортақ тәртіп ережесі жазылған жадынама таратты. Жалпы жыл басынан бері 54 хаттама толтырылып, рұқсат етілмеген жерге қоқыс төккен 15 тұрғынға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ бүгін жастар Ақтөбе су қоймасының аумағын күл-қоқыстан тазартты. Акция жарыс түрінде ұйымдастырылған.

Мирхан Ермағанбетов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
-Бұл дәстүрге айналған акция болғандықтан, қазір бізде 25 команда Ақтөбе қаласынан қатысып отыр. Енді бұл жердегі ең басты мақсат кім ең көп көлемде қоқыс жинайды, сол тиісті сыйлықтарды алады. Бұл акция дәстүрлі түрде жыл бойы іске асады.