Хабар телеарнасы

Каспий теңізінің деңгейі 119 сантиметрге көтерілді

Биыл Каспий толыға бастады. Теңіз деңгейі 119 сантиметрге көтеріліпті. Экологтар күні кешеге дейін Каспий тартылып бара жатқанын айтып дабыл қағып еді. Жағдай енді тұрақтала бастағандай. Бұл өзгеріс өңірдегі шаруалардың да кәсібіне оң әсер етуі керек. Мамандар Солтүстік Арал теңізі мен Балқаш көлінің де толыға түскенін айтуда. 

Каспий тартылуда. Соңғы жылдары теңізіге қатысты ақпараттың басым бөлігі осы сарында айтылып жүрді. Биыл ол кері сипат ала бастады. Өткен 2-3 айдың өзінде теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінде судың деңгейі 1 метрден жоғарылады. Оған әсер еткен басты фактор Жайықтың арнасына сыймаған судың осында жіберілуі.

Әлібек Семғалиев, 112-ші учаскенің үйлестірушісі:
-Соколок каналын тереңдету, жырасын ашу теңізге қарай бағыттау жұмыстары демеушілікпен жасалды. Қосымша 14 шақырым қазылды жалпы тазалау жұмыстарын қосқанда 24,5 шақырым жұмыстар жүрді. Біз салған 18,5 шақырым бөгеттің 10 шақырымында қазір су тұр. Біздің салған бөгетіміз, жоспарымыз өте дұрыс болды.

Ескісі бар, жаңадан қазылғаны бар жалпы алғанда Атырау облысы бойынша 20 канал ашылып Каспийге 350 млн текше метр су шығарылыпты. Сондай-ақ осы тасқын кезінде аймақта 20 мың гектар алқапқа су жайылды. Ылғал жақсы болғандықтан шарулар үшін шабындық пен мал өрісі ұлғайды.

Каспий су тасқынның әсерінен көтерілсе Аралдағы ахуал сауатты дипломатиялық келіссөздер арқылы тұрақтала бастады. Жыл басынан бері теңіздің Солтүстік бөлігне 1,1 миллиард текше метр су түсіпті. Осылайша қазір кіші теңіздегі су көлемі 21 миллиард текше метрден асты.

Ғалымжан Қамбарбеков, Су ресуртарын пайдалануды реттеу басқармасының бас сарапшысы:
-Құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттері кіретін мемлекетаралық су шаруашылғы комиссиясының 86-шы отырысында тараптар суару маусымында Солтүстік Арал теңізіне ағын секундына 30 текше метр көлемінде жіберіледі деп және 997 млн текше метр жіберіледі деп келісілді.

Қазір сол келісім артығымен орындалуда. Нақтырақ айтсақ теңізге секундына 50 текше метр су жіберілуде. Бір жыл бұрын ол секундына 6 текше метр ғана болатын. Биыл Балқаш көлінде де су деңгейі көтерілді. Сәуір айында ол орта есеппен 15 см жоғарылаған болатын. Жуырда су деңгейі тағы 8 см-ге көтерілді. Бұған трансшекаралық Іле өзенінен үздіксіз су жіберілуі себеп болған. Айта кетейік Балқаш көліндегі су деңгейін анықтау үшін 4 гидробекетте бақылау жүргізіледі.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы