Хабар телеарнасы

Сарапшы: АЭС ел дамуына серпін береді

Атом электр станциясы Қазақстанға экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімді. Ал оны озық технологияға ие компаниялардан құралған халықаралық консорциум салса, қауіпсіздік мәселесіне баса көңіл бөлінеді. Мұны ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері Данияр Жансейітов айтты. Айтуынша, станция өзге қуат көздеріне қарағанда әлдеқайда таза энергия өндіреді. Сондай-ақ электр энергиясы тапшылығын жоюға үлес қосып, елдің дамуына зор серпін береді. Ал Қазақстанның 3-ші буындағы АЭС салуды қарастыруы өте маңызды. «Бүгінде әлем бойынша дәл мұндай типтегі 250-ден астам реактор жұмыс істеп тұр»,– дейді. 

Данияр Жансейітов, Ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері:
-Атом электр станциясының құрылысы Қазақстанға ең біріншіден өте үлкен мультипликативтік эффект береді. Әрине одан бөлек біз өзіміздің энергетикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің бірден-бір шешімі ретінде атом электр станциясының салынуын қарастырып отырмыз. Қазіргі таңда атом электр станциясы – ол қауіпсіз, экологиялық таза кез келген қолжетімді басқа электр станцияларымен салыстырғанда артықшылықтары барлығынан көп.