Қостанай облысында заңсыз несие бергендер сотталды

  • 5
  • 23.09.2026, 18:43

Қостанай облысының екі тұрғыны ауыл азаматтарының сырға, сақина сияқты алтын әшекейлерін кепілге алып қарыз бергені үшін сотталды. Оларға заңсыз микроқаржылық қызметпен айналысты деген айып тағылды. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, айыпталушылар 2024–2025 жылдары төрт компания құрған. Сол арқылы аудан орталықтары мен кенттерде ломбард жүйесімен жұмыс істепті. Тұрғындарға зергерлік бұйымдарын кепілге қойып, ақша алу ұсынылған. Берілген ақшаны пайдаланғаны үшін күн сайын 0,4 пайыз мөлшерінде сыйақы алып отырған. Мәмілелерді заңды комиссиялық қызмет ретінде көрсету үшін бірқатар формалды құжат рәсімделген.

Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Екі жыл ішінде олардың қызметін 1 600-ден астам азамат пайдаланған. Заңсыз қызметтен түскен кіріс 579 миллион теңгеден асқан. Сот екеуін де мүлкін тәркілей отырып, 2 жылға бас бостандығынан айырды. Тәркіленген мүліктің қатарында бес пәтер, үш автокөлік және екі жер телімі бар.