Хабар телеарнасы

Қызылордада қараусыз қалған гүлзарлар мен аллеялар қайта жаңғыртылады

Қызылордада қараусыз қалған гүлзарлар мен аллеялар қайта жаңғыртылады. Аттракциондары ескіріп тұрған орталық демалыс паркі де жаңа кейіпке енеді. «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында шет аймақтардың күл-қоқысы тазаланбақ. Қаланы қақ жарып өтетін «Сарқырама» каналының арнасы өзгереді.

Балаларды еріксіз өзіне тартатын әткеншектері бар жалғыз қалалық мәдени және демалыс паркі осы. «Жылда жөнделіп, әрлеу жұмыстары жүргізілгенімен тым тар»,— дейді тұрғындар. Сондай-ақ сауда-саттық орындары бей-берекет орналасқан.

Тұрғындар тілге тиек еткен тұңғыш Президент паркі қала шетінде. Мұнда тек көкмайсаға дастарқан жайып, көпшілік отбасылық қуаныштарын тойлауды әдетке айналдырған. Салқын самал аңсаған жұрт кешкілік осында ағылады. Саябақ пен автотұрақ тағы тарлық етеді. Аумақты зерттеген қала әкімдігі аталған парк пен Денсаулық аллеясы арасын жалғау жөнінде шешім шығарды.

Серік Қожаниязов, қала әкімі:
-Дария жағалауында үлкен «Шолу шеңберін» қоямыз. Қазір соны ойластырып жатырмыз. Басты мақсаттың бірі халыққа демалыс орнын көбейту. Көбінесе қала ішіндегі талдар өсіп тұрған жерге жасаймыз. Тақырға 10 жерден ойын-сауық орталығын сал, 10 жерден орындықтар қойғанмен көлеңке болмаса халық келмейді. Сол себепті тал көп өсіп тұрған барлық жерді халыққа ыңғайлы етіп жасау керек.

Шаһар басшылығы шет аймақтарда орналасқан шағын гүлзарларды да назардан тыс қалдырмаймыз деп отыр. Қаланы қақ жарып өтетін Сарқырама каналының арнасы өзгертіліп, айналасы абаттандырылмақ.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев