Хабар телеарнасы

Авторлық құқықтан табыс бар ма?

Қазақстанда авторлық құқық саласы дамымаған. Бұған отандық ақын-жазушылар мен композиторлардың жанайқайы дәлел. Айтуларынша көбі өздеріне тиесілі ақшаны ала алмай жүр. Олардың арасында тіпті атақты Шәмші Қалдаяқовтың мұрагерлері мен танымал сазгерлер де бар. Бұған кім кінәлі? Жауапты министрліктің салғырттығы ма, әлде авторлардың құқығын қорғайтын ұйымдардың былығы ма?

2004 жылы Қазақстан авторлары қоғамына мүше болған Жазира Кален өзі жазған әндердің сыйақысына қол жетпей жүргеніне қынжылады. Мұрат Оралбай, Кемал Сейітжан, Мадина Садуақасова, Лұқпан Жолдас  сынды танымал әншілер мен композиторлардың сазына сөз жазған. «2013 жылы сыйақының сыйқын білейін деп барғанда авторлардың құқығын қорғайтын ұйым азын-аулақ ақшамен шығарып салыпты. Ал 2018 жылы ұйыммен келісімшарт жаңарып, екінші деңгейлі банктен арнайы шот ашқанымен, бір тиын түспеді»,— дейді.

Жазира Кален, ақын:
-Абай даңғылына ауысқан кезде бардым. Байғали Есенғалиев ағамыз басқарып отыр екен. Сосын ол кісіге мән жайды айтып, мен әлі бірді-бір рет қаламақы алған жоқпын. Кейбір әндерімнің таралымы, көрсетілімі жақсы болды. Қалай дегенмен де бір қаламақы түсу керек қой деп барғанда, 80 мың төңірегінде қаламақымды алдым. Сонда айтып жатқандары, өз араларында Қазақ авторлар қоғамының билігіне талас болған ба? Соттасқан ба? Содан мынау өлеңдердің қай арнада көрсетіп жатыр, қай той-томалақта көрсетіп жатыр соның барлығын бір бақылауда ұстайтын шетелдік жүйеге бағынатын бір құрылғы бар- ау деймін. Сондайды орнатамыз деп сөз бергендері бар болатын.

Бұл мәселені көтеріп жүрген тек Жазира Кален емес. Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың мұрагерлері де 2019 жылға дейін дұрыс төлем алып келіп, кейін берілетін қаржы тоқтап қалғанын айтады. Мәселен, әнұранды қоспағанда 55 ән үшін 3 айға 22 мың теңге ғана алған. Әділет министрлігіне, Қазақстандық авторлық құқық қоғамының қызметіне тексеру жүргізу қажет екенін айтады. Ал елімізде авторлардың құқығын қорғайтын бір ғана емес, дәл осындай 15 ұйым бар. Оның алтауы ресми тіркелген. Ал қалғаны шарт бойынша жұмыс істейді. Заңгердің айтуынша, авторлық ұйымды таңдағанда оның қанша жыл нарықта жүргенін ескерген жөн.

Азиза Мұқашева, заңгер:
-Зияткерлік меншік объектісінен пайда табудың бірінші қадамы – оны авторлық құқықты қорғайтын ұйымдарға тіркеу қажет. Тіпті мүлік иесі қайтыс болғаннан кейінде авторлық құқық 70 жыл бойына сақталады. Мұрагерлері тағайындалады. Тек сөз, ән емес, әдеби туындылар, компьютерлік бағдарламалар, кейбір мүсіндерде тіркеледі. Мәселен, 1975 жылы германиялық азамат қазақтың ұлттық қымызын, оның құрамын бірінші болып тіркеген. Ал жарты ғасыр уақыт өтсе де, біздегі азаматтар сауатты түрде авторлық құқықтарын қорғамай жатады. Сондықтан олардың алатын сыйақысына әсер етеді. Бірінші авторлар ашық есепті талап етуі керек.

Әділет министрлігінің ақпараты бойынша, 2023 жылы авторлық құқықты қорғайтын ұйымдарға 1,5 миллиард теңге сыйақы берілген. Дегенмен оның 580 миллион теңгесі ғана авторларға таратылыпты. Ал Әділет министрлігінің мамандары, 1 миллиард теңгенің қайда жұмсалғанын тек 3 жылдан кейін ғана тексере алатынын айтады.

Ботакөз Сәтжанова, ҚР Әділет министрлігі авторлық құқық және сабақтас құқықтар бойынша басқармасының бас сарапшысы:
-Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің бұйрығына сәйкес 2023 жылы кафелерге ең төменгі ставка 1,5 АЕК белгіленген. Мысалы алатын болсақ, кафелерде, караоке, ресторандарда белгілі бір әншілердің, орындаушылардың әндерін пайдаланатын болса, ұжымдық ұйымдар мүліктік құқықты басқаратын ұжымдық ұйымдарға бір айға 10 мың теңге беруі мүмкін. Бірақ пайдаланушыларға бір айдан кейін есеп жібереді. Бір айда қанша әншілердің, авторлардың туындыларын пайдаланды. Мысалы, 20 мыңға жуық болуы мүмкін. Жаңағы 10 мың теңгені бөліп береді. Әр авторға 0,5 теңгеден келуі мүмкін.

Қазақстандық авторлар өздері мүше ұйымға сыйақының қайдан және қанша түсіп жатқанын сұрата алады. Тіпті ұйымның жеке сайттарынан жеке кабинет ашып беруін, ақпаратты ашық көрсетуін талап етуге құқылы. Жауапты министрліктің ақпараты бойынша, жыл соңында авторлық құқық үшін төленетін қаржы мөлшері өседі.

Авторлары: Диана Қадыр, Таир Мерекенов