Алматыдағы бұрынғы Түрксіб ауруханасының ғимараты көптен бері қараусыз тұр
Алматыдағы бұрынғы Түрксіб ауруханасынның ғимараты тозығы жетіп, көптен бері қараусыз тұр. Қаланың қақ ортасындағы өткен ғасырдың ескерткішін реконструкциялау мамыр айында басталу керек еді. Құрылыс енді желтоқсан айына шегеріліпті. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ғимараттың ендігі тағдыры не болмақ?
Бұл ғимарат бірнеше жылдан бері бос тұр. Осы уақыт аралығында нысанның шатыры ойылып, терезесі сынып, қабырғалары опырылған болатын. Бір бөлігі өрттен зардап шеккен. Соңғы рет бірінші шілде күні екінші қабаттағы бір бөлме өртенген болатын. Біраз уақыт үйсіздердің баспанасына айналған нысанның қазір сырты қоршалып, күзет қойылған.
Абай көшесінің бойында орналасқан ғимарат сәулетші Михаил Кудрявцев жобасымен 1950 жылдары салынған. Ұзақ жылдар теміржолшыларды емдейтін бірден-бір орталық болды. 2021 жылы Алматыдағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Содан бері жаңарту жұмыстарын күтіп келеді.
Ғимарат 2022 жылы қалалық құрылыс басқармасының балансына өткен. Өткен жылы әкімнің тапсырмасымен қайта жаңғырту жобасы қолға алыныпты. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. «Жоспар бойынша қазан айында мердігілерге байқау жарияланып, құрылыс желтоқсанда басталады»,— дейді жауапты басқарма.
Дәулет Еламанов, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
-Қалалық балаларға арналған оңалту орталығы. Орталықтың сыйымдылығы бір аусымда 250 келушіге арналған. 144 станцонарлық орындар бар. Орталықтың негізгі кешенді көмек көрсету балаларға тіл кемістігі, тірек-қимыл, сал ауруы және ақыл-ой дамуында ауытқуы бар балаларға арналған кешенді көмек жүргізіледі.
Бұрынғы Түрксіб ауруханасын қайта қалпына келтіру алдағы жылы аяқталады. Жаңарған орталық дімкәс балаларды емдеуге арналған заманауи құрылғылармен жабдықталады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев