Хабар телеарнасы

Алматы маңындағы мореналық көлдер деңгейін төмендету басталды

Іле Алатауында қауіпті деген 6 мореналық көлдегі су деңгейін төмендетуге күш салып жатыр. Олардың бәрі Алматыға жақын жердегі теңіз деңгейінен үш мың метрден астам биікте орналасқан. Қазір таулы аймақта ауа температурасы жоғары, жауын-шашын да мол.

«Қазселденқорғау» мамандары жалпы саны 14 мореналық көлді бақылауда ұстап отырғандарын айтады. Таудағы мұздықтар еріп, Үлкен және Кіші Алматы сияқты ірі өзендердің бассейндеріне түссе, сел жүруі мүмкін.

Қауіптің алдын алу үшін басты әрі тиімді амал – көлдердің деңгейін төмендету. Ол үшін сифондар қолданылады. Бұл – тиімді, әрі салыстырмалы түрде арзан технология. Атмосфералық қысымның әсерінен су пластикалық құбыр арқылы көлден өздігінен төмен ағады.   

Мұрат Қасенов, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшысының орынбасары:  

- Аэротүсірілімдер жүргізген кезде Түрген өзені алабындағы 5-ші көлде және 2-ші көлде мұздардың құлау қаупі бар екенін анықтадық. Сондықтан алдын алу шараларын бастау туралы шешім қабылданды. Талғар өзені алабындағы 19-шы көлдің  ауқымы ұлғайғайып, су көлемі артқаны байқалды. Сондықтан бұл көлді босату жұмыстары тез арада басталды.