Хабар телеарнасы

«AMANAT» қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша 7500 мұғалімді даярлайды

Еліміздегі мектептер мен жоғарғы оқу орындарының оқытушылары қаржылық сауатын көтере бастады.

«AMANAT» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 7 мың 500 мұғалім курсқа барады. Астанадағы кезекті оқу семинарының қатысушыларымен  Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Үкімет мүшелері кездесті.

Мәжіліс спикері  жастарға заман ағымына сай қажетті білім беріп, оларды өмірге лайықты дайындау қажет екенін  атап өтті. Ал бұл мақсатта алдымен мұғалімдерді машықтандырудың маңызы зор. Жыл соңына дейін 100 мың студент пен 450 мың оқушы және қосымша тағы 200 мың адам курстан өтпек. Осылайша биыл «Қарызсыз қоғам» жобасымен 750 мың адам қамтылады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше назар аударды. Президент Үкіметпен бірлесіп бұл бастаманы жалпыұлттық жобаға айналдыруды және оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Бұл жұмысты ең алдымен мектеп пен ЖОО-дан бастау керек. Жастарымызды өмірге дайындау керек.