Шілденің үшінші жексенбісі – металлургтер күні
Шілденің үшінші жексенбісі Қазақстанда металлург күні ретінде белгіленген. Кәсіби мерекесі қарсаңында осы саладағы 18 маманға «Ерен еңбегі үшін» медалі және «Еңбек даңқы» ордені табысталды. Солардың қатарында Балқаш мыс балқыту зауытының жұмысшысы Дархан Жүнісов те бар. Оның электролиздеу цехында жұмыс істеп жүргеніне 25 жыл. Катодты мыс өндірісіндегі жауапты жұмысты бес саусағындай меңгерген білікті маманға бүгін екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені табысталды. Қуанышы қойнына сыймаған металлург бүгінгі қоғамда еңбек адамына деген көзқарастың өзгергенін, маңдай тердің елеусіз қалмайтынын айтып ағынан жарылды.
Дархан Жүнісов, Балқаш мыс балқыту зауытының электролиздеушісі:
-Еңбегімнің еленгеніне рақмет! Мына өзімнен кейінгі жастарға айтатыным, тұрақты түрде жұмыс істесең нәтижеге жетуге болады. Қарапайым еңбеккерлерге қолдау көрсету керек. Олардың еңбегін бағалау керек. Көңіл бөлініп жатыр енді, жаңа технологияны енгізіп, қол жұмысын жеңілдету керек. Қарапайым жұмысшы болғанымен ел экономикасына үлкен үлес қосып жүр.