Биыл елімізде 153 орман өрті тіркелген
Жаз мезгілінде жасыл желектің тұтануы Қазақстандық құтқарушыларды да әбігерге салатыны бар. Биылдың өзінде елімізде 153 орман өрті тіркелген. Бірақ оларды анықтау және сөндіру өткен жылдарға қарағанда анағұрлым жеңілдеген. Бұған заманауи техникаларды қолдану арқылы қол жеткізуде.
Дала және орман өрті шығуының басты себебі – найзағай. Оның алдын алу мүмкін емес. Орманшылар осылай дейді. Қазір «Ертіс орманы» қорығы мен Көкшетау және Бурабай ұлттық табиғи парктерінде өртті ерте анықтау жүйесі қолданылуда. Мұнараға орнатылған бейнебақылау, жылу сезгіш және арнайы сенсорлар өрт тұтанғанын аңғарған бойда дабыл қағады.
Асылхан Ахметжанов, операциялық басқару орталығының жетекшісі:
-Әрбір оператор WhatsApp-тағыдай хабарлама алады. Ал жүйеде не жағдай болып жатқанын толығымен көре аламыз. Ол түтін бе, жоқ па. Бәрі онлайн түрде атқарылады. Міне былай мониторда жақындатып көруге болады.
Мұндай жүйе арзан тұрмайды. «Көкшетау» ұлттық паркіндегі кешеннің құны 800 миллион теңге. Ал Ертіс Орманы қорығына орнату үшін 1 миллиард теңге жұмсалған. Бірақ келтірер пайдасы одан көп дейді мамандар.
Қуат Мейрембеков, ҚР ҚОҚМ орман шаруашылығы және жануар түсірілік комитетінің бас сарапшысы:
-Абай облысында болған бір өрттен 162, ал Қостанайдағы жағдайдан 30 миллиард теңге залал келді. Мұндай шығынға ұрынғаннан өртті дер кезінде анықтайтын техникаға ақша жұмсау орынды болар. Биыл біз 15 миллиард, жергілікті атқарушы органдар 3,6 миллиардқа жуық қаржы бөлуді жоспарлауда.
Өрттің шығуының келесі себебі - адами фактор. Жаққан отын өшіруді ұмытатындар мен шала-шарпы істейтіндер әлі көп. Оны Ақмола облысында өткен арнайы рейд нәтижесі айғақтайды.
Ислам Әбілдин, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:
-Жалпы 104 мобильді топ құрылды. Олар мыңнан астам рейд өткізді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деректеріне жол берген адамдар анықталды. Нақтырақ айтсақ, 72 жеке тұлғаға бір миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Өрттің тез тарауына аптап ыстық та әсер етеді. Қазгидрометтің болжауынша шілденің екінші жартысы еліміз бойынша жауын-шашынды болады. Ал айдың соңына қарай күн қайта ысиды. Солтүстік, Шығыс пен Орталық Қазақстанда температура 37, Оңтүстікте 43 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Демек өрт сөндірушілер әлі де қырағы отыруы тиіс.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы