Хабар телеарнасы

Олжас Бектенов «Семей орманы» резерватын қалпына келтіру жұмыстарын тексерді

Премьер-министр Олжас Бектенов Семей қаласында болып абаттандыру жұмыстарымен танысып, бірқатар кәсіпорынды аралады. Мәселен, апатты жылу электр орталығын жаңғырту барысын тексерді. Жалпы Абай облысы «қызыл аймақтағы» өңірлердің қатарына кіреді. Мұндағы жылу желілерінің тозу деңгейі 64% жеткен. Ахуалды оңалту үшін бүгінгі таңда 28 жоба іске асырылуда. Энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуға 11 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Премьер-министр сондай-ақ «Семей орманы» табиғи резерватын әуеден тексерді. Былтыр өңірде 66 мың гектар жасыл желек өртеген болатын. Қазір орманды қалпына келтіру және өрттің алдын алу шаралары жүргізілуде. Облыс бойынша 32 мобилді топ құрылған. Сондай-ақ орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату жоспарлануда. Үкімет басшысы орман тәлімбағы мен ағаш тұқымы стансасын да аралап көрді. Онда заманауи швед жабдықтары арқылы қарағай көшеттері өсіріледі. Бір жылда 3 млн көшетке дейін алуға болады. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Орман өрттерінің алдын алу өте маңызды міндет. Біз Президенттің тапсырмасы бойынша биыл мамандарды техникамен жабдықтау бағдарламасын қолға алдық. Айтқым келген тағы бір маңызды мәселе – заңсыз ағаш кесумен күресу керек. Орман – біздің ұлттық байлығымыз.

Олжас Бектенов сондай-ақ көлік дөңгелектерін қайта өңдеу кәсіпорнында болды. Зауыттың жобалық қуаты тәулігіне 50 тоннаға дейін резеңкені өңдеуге есептелген. Үгінділерден жүгіру жолдары мен ойын алаңдарына арналған жабындар жасалады. Қазір 150 адам тұрақты жұмыс істеуде.