Хабар телеарнасы

Ақмола облысының курорт аймақтарына жарты миллионнан астам турист барды

Биыл Ақмола облысының курорттық аймақтарына жарты миллионнан астам турист келді. Олардың дені Щучье-Бурабай және Зеренді демалыс орындарын таңдаған. Туристік маусым қалай өтіп жатыр және демалушылардың қызмет көрсету сапасына көңілі тола ма? 

Қазақстанның Швейцариясы атанған Бурабайға күніне он мыңға жуық турист демалады. Аяулым Русланова мұнда жылына бірнеше рет отбасымен келуді әдетке айналдырған.

Аяулым Русланова, демалушы:
- Қазіргі уақытта бұрынғы уақытқа қарағанда сервис жақсарып келе жатыр. Мысалы, бір екі-үш күнге жүз-жүз елу мың. Ол екі-үш адамға кетеді солай. Мында дәмханаларда тамақтанасың, мысалы, балаларды атқа мінгізесің, қайыққа мінгізесің. Соның бәрі біраз ақша алады.

Бурабайда велосипед және су көлігін жалға алу, сондай-ақ атпен серуендеу қызметтері үлкен сұранысқа ие. Бой сергітіп демалу үшін барлық жағдай жасалған.

Бақытжамал Ілиясова, демалушы:
-Бұл жер жақсы, бағасы да көңілге қонарлық. Бірақ бір ғана әттеген-ай бар екен. Мында әжетханалары жоқ, сосын мына адамдар отырған жерлерінде қоқысты тастап кетіп, табиғатты ластап жатыр екен. Жаңа біз мына таудың арасынан, орманның арасынан сондайларды көріп келе жатырмыз.

Андрей Подгурский,  облыстық туризм басқармасының басшысы:   
-Қонақтарға жайлы болу үшін Бурабай кент аумағында санитарлық-гигиеналық тораптар қызметінің құнын 50 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Ал бес дәретхана тегін болады, техникалық қызмет көрсету бюджет есебінен жүргізіледі. Санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша күнделікті жұмыстар ерекше бақылауға алынды. Жалпы болып жатқан мәселелерді жедел шешуге тырысамыз.

Туристер жағажайда демалу немесе табиғатта серуендеуді ғана емес, ем-дом қабылдауды және ойын-сауық бағдарламаларының алуан түрлі болғанын қалайды. Сондықтан туроператорлар қызмет көрсету аясын кеңейтуді қолға алған.

Айдар Қойшыбаев, демалыс орнының директоры:
-Қазір қонақтар анимация мен ойын-сауыққа, экскурсияларға көп қызығады. Сондықтан демалыс бағдарламасын жаңартып жатырмыз. Биыл джип-сафари және көлде қайықпен серуендеуді қостық.

Ең маңызды мәселелердің бірі – демалыстың құны. Қонақ үйлердің бағасы жазда әдеттегідей шарықтап тұр. Мысалы, бір нөмерді бір тәулікке алу ең кемінде 15 мың теңге тұрады. Жалпы жыл сайын Ақмола облысында бір миллион үш жүз мыңнан астам турист демалады. Оларға төрт жүзге жуық демалыс орны қызмет көрсетеді.

Авторлары: Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев