Хабар телеарнасы

Зеренді ауданының тұрғындары жол азабын тартып отыр

Шамадан тыс жүк артқан көліктер жолдарды қиратып жатыр. Ақмола облысындағы Зеренді ауданында жақында ғана жөнделген автожол шұрық-тесік. Қоғам белсенділері бұл мәселені тездетіп шешуді ұсынып отыр.

Красный Яр ауылынан «Көкшетау-Петропавл» республикалық тас жолына дейінгі 30 шақырым жол былтыр ғана жөнделген. Қазір оның жай-күйі көңіл көншітпейді. Шұрық-тесік.

Самира Тәйтенова, қоғам белсендісі:

- Бір-ақ жыл өтсе де жолдың басым бөлігі қирап жатыр. Шектен тыс жүктемесі бар ауыр жүк көліктерінің қатынауы тас жолды тоздырып жіберді. Біз авжолдарға арнайы таразыларды орнатуды ұсынып отырмыз. Өйткені көліктік бақылау инспекциясының жұмысында олқылықтар бар.

Ауыр жүк көліктері жергілікті кен орындарынан құрылыс материалдарын, қиыршық тас және құмды тасымалдайды. «Соның салдарынан жол бұзылып, көптеген ақаулар пайда болды», - дейді жол инженерлері.

Игорь Стефан, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ бөлім басшысы:

- Көптеген жарықтарды, шұңқырларды және жол жамылғысының бұзылғанын анықтадық. Ауыр жүк көліктерінің қарқынды қозғалысы жолды тез арада тоздырып жіберген. Ал бұл ел қазынасына ауқымды шығын келтіріп жатыр.

Жұмабек Хайролла, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Кепілдік мерзімі аяқталмағандықтан, мердігер ұйым ақауларды жоюға міндетті. Бірақ ауыр жүк көлігінің қарқынды қозғалысынан мердігерлерге жолды қалпына келтіру қиындап барады. Аршалы, Астрахань, Егіндікөл, Целиноград аудандарында да тап осындай жағдай.

Биыл шамадан тыс жүк артқаны үшін 42 көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 1 млн 400 мың теңгеге жуық айыппұл салынған. Бірақ маман тапшылығы және жылжымалы бекеттердің жетіспеушілігінен инспекция өңір аумағын толық бақылай алмайды.

Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев