Хабар телеарнасы

Алматыда табиғат жанашырлары пластикалық бөтелкелерді кәдеге жаратуға шақырады

Алматыда табиғат жанашырлары тағы бір экологиялық жобаны қолға алды. Олар көпшілікті пластик бөтелкелерді кәдеге жаратуға шақырады. Осыған орай экохабта ашық есік күні өтті. Онда туристік агенттіктер, қоғамдық ұйым өкілдері мен қала тұрғындары қоршаған ортаға зиян келтірмеу мәселесін бірге талқылады. Экохабтың ашылғанына екі ай ғана болды. Қазір бөтелке қақпағынан орындық, кәдесый сияқты заттар жасап шығарып жатыр. Осы уақыт ішінде бірқатар игі бастамаға мұрындық болып келеді. Оның бірі – пластик ыдыстарды кәдеге жарату жобасы. Қазір кофе сататын бір дүкендер желісімен келісімге келді. Мәселен, ол жерден өзінің ыдысына кофе құйғызып алған адамға бір экокойн беріледі. Оны сатып алушы осы экохабқа әкеліп, қалаған затына жеңілдік алады.

Евгений Мұхамеджанов, ECO Network жобасының негізін салушы:
-Түсінікті тілмен мұны қаланың валютасы деп айтса да болады. Бір экокойн 100 теңге тұрады. Бұл жерде оны әкелгендерге жеңілдік беру емес. Қайта адамдарды қоршаған ортаны қорғау мәдениетіне баулысақ дейміз. Өзіне де, табиғатқа да зиян келтірмейтін бұйымдарды тұтынса жақсы емес пе?! Бізде отандық кәсіпорындар шығарған тамақ қалдықтарынан жасалған тыңайтқыш пен тұрмыстық жуғыш сұйықтық сияқты бірнеше эко, биоөнім түрі бар.