АЭС қайда салынады?
Бұл мәселе Семейде ұйымдастырылған қоғамдық талқылауда көтерілді. Оған экология ұйымдарының белсенділері мен энергетика саласындағы жетекші сарапшылар және ғалымдар қатысты. Мамандардың айтуынша, АЭС салуға екі орын таңдалған. Оның біреуі Алматы облысы болса, екіншісі Абай облысындағы Курчатов қаласының аумағы. Өңір тұрғындары стансадан шығатын қалдықтар экологияға кері әсерін тигізе ме деп алаңдайды. Сарапшылар атом электр стансасы әлем бойынша қауіпсіз өндіріс ошақтарының қатарына жататынын және оны салу үшін үздік технологиялар қарастырылып жатқанын айтты.
Рафаиль Хазипов, «Комитет полигон 21» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
- Біз уран өндірісі бойынша әлемде көшбасында тұрмыз және оны жер шарының көптеген елдеріне сатқанмен, өзіміз пайдаға асырмай отырмыз. 40 жылдан астам уақыт бойы Семей жері ядролық сынақ алаңына айналып, өңірге орны толмас зиян келтірді. Қазір Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталығы жұмыс істеп жатыр. Онда атом энергетикасын дамытуға қатысты көптеген ғылыми-тәжірибелік жұмыстар қолға алынған. Сондықтан АЭС салудан қорқудың қажеті жоқ.