Хабар телеарнасы

Ұлытау өңірінде құрылыс қарқын алды

Биыл Ұлытау өңірінде құрылыс қарқыны екі есе өсіп, тұрғын үй 80% көбейді. Бұл туралы мәртебелі мамандық иелерінің мерекесіне арналған салтанатты шарада айтылды. Үздік құрылысшылар марапатталып, алда атқарылатын жұмыстар баяндалды.

Ұлытау жеке дара облыс болғалы ширек ғасыр бойы тұралап қалған тұрғын үй құрылысы қайта жанданды. Өткен жарты жыл ішінде 140 азамат қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін бір Жезқазғанның өзінде 270 отбасына жаңа пәтер беріледі. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 82% көп.

Гүлнәзия Тәжиева, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

- Биыл біз 104 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға бергелі отырмыз. Ал 2022 жылы 57 мың шаршы метр тұрғын үй берілген. Жезқазған қаласымен қатар Сәтбаев қаласында құрылыс қарқынды. Ол жерде, мысалы, кредиттік үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр және, айта кетер болсақ, Қаражал қаласында өте көп жүріп жатыр.

Алдағы 5 жылда Жезқазғанның аумағы 44 гектарға ұлғаяды. Жаңадан бой көтеретін шағынауданға көпқабатты 88 үй мен 70-ке жуық әлеуметтік нысан салынады. Қазір мұнда Үкімет резервінен бөлінген қаржыға инженерлік инфрақұрылым тартылып жатыр. Уақытпен санаспай, осы міндетті атқарып жатқан білекті құрылысшылар құрметке бөленді.  Сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтаған облыс басшылығы үздіктерді марапаттады. Бірқатар азамат «Құрметті құрылысшы» атанды.

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

- Қазіргі уақытта қарқынды салынып жатқан спорт, денсаулық сақтау, білім беру салаларының, өрт сөндіру деполары ғимараттарының бой көтеруі облыс ашылған уақыттағы халықтың алғашқы сұранысы еді. Сонымен қатар биыл облыстың жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нормативті жағдайын 91%-ке жақсарту міндетін алдық.

Тек тұрғын үй құрылысының өзіне 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, облыс орталығында 60-қа жуық көшенің жолы жөнделіп жатыр. Ал жұрт ұзақ күткен Қызылорда-Жезқазған жолын жаңғырту жұмыстары биыл қолға алынбақ.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.