Хабар телеарнасы

«Ауыл аманаты»: Ұлытау облысында 400-ге жуық азамат кәсіп бастады

Ұлытау облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 400-ге жуық азамат кәсіп бастады. Оларға  2,5%-пен жалпы сомасы 2,8 млрд теңге шағын несие берілді. Жобаға қатысушылардың дені мал шаруашылығымен айналыспақ ниетте.

Сонымен қатар ауыл ішінде туристерге қызмет көрсету бойынша да бірқатар жобалар бар. Жеңілдетілген несие алған азаматтардың алды қазірдің өзінде кәсібін дөңгелетіп, табысқа кенеле бастады.

Ұлытау ауылының тұрғыны Ерболат Смағұлов  «Ауыл аманаты» жобасы бойынша  елді мекенде алғашқылардың бірі болып кәсіп бастаған. Мемлекет ұсынған 8 млн теңгеге  аудан орталығында бос тұрған ғимаратты сатып алып, қызмет көрсету ісін жолға қойды. Нысанның бірінші қабатын жергілікті кәсіпкерлерге жалға беріп отыр. Ал екінші қабат түгел қонақ үй болады. Себебі тарихи өлкеге келетін туристер саны жыл санап артып келеді.

Ерболат Смағұлов, Ұлытау ауылының тұрғыны:

- Келген туристер, сырттан келгендер 1 күн, 2 күн жатып кетеді. Үлкен қалалардан көргенмін. Өте ыңғайлы. Сондай ашқым келіп отыр. Қазір бұның да 80%-і дайын болып тұр. Шамалы жұмыстардан кейін ашылады.

Ал аудан халқы негізінен ауыл шаруашылығына бейімделген. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаға өтінім берген қатысушылардың  90%-і несиені осы мал шаруашылығын дамыту үшін алмақшы. Бүгінге дейін 382 азаматқа жылдық үстемесі 2,5%-пен 2,8 млрд теңге берілді. Бағдарламаның өңірде жүзеге асырылу барысы облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:

- Бастамалар бұл жақта жақсы. Біраз өнімдерді Ұлытауда шығаруға келісімдер келісіліп жатыр. Азаматтарды жұмыспен қамтуға байланысты, жағдайларын жасауға байланысты нақты шешімдер шығарылып отыр. Ауыл, аудан өзін өніммен қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік жасау керек.

Ауыл кәсіпкерлеріне арналған жеңілдетілген несиеге өтінімдер қабылдау әлі де жалғасуда. Тек мамыр айынан бастап жылқы сатып алуға несие беру тоқтатылды. Ендігі кезекте өңірде кенжелеп тұрған өсімдік шаруашылығына және өңдеу саласына қатысты жобаларға басымдық беріледі.  

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев