Хабар телеарнасы

Француз сарапшысы: Атом энергиясын дамыту үшін Қазақстанның әлеуеті зор

Атом энергиясын дамыту үшін Қазақстанның әлеуеті зор. Мұны Францияның «ASSYSTEM» халықаралық компаниясының атом энергиясы жөніндегі сарапшысы мәлімдеді. Эдгар Сибергер біздің елде географиялық орналасуы, табиғи ресурстардың, әсіресе уранның мол қоры мен оны игерудің жолға қойылуынан бастап кадр мен басқару жүйесіне дейінгі барлық алғышарт қалыптасқанын атап өтті.

Сондай-ақ француз сарапшысы Қазақстан шағын модульды атом реакторларын пайдалануды жолға қойса, бұл бағытта аймақтық лидерге айналатынын атап өтті. Сибергер мырза Қазақстан энергетика саласында неғұрлым биік амбиция қойса, соғұрлым бұқарамен байланысты тереңдету керектігіне де баса мән берді. 

Эдгар Сибергер, «ASSYSTEM» халықаралық компаниясының атом саласында бизнесті дамыту жөніндегі сарапшысы:

– Кез келген ядролық жобаның сәтті іске асуы қоғамдастықтың қолдауына тікелей байланысты. Францияда өздеріңіз білесіздер, атом энергиясы негізгі қуат көзі. Бізде халықпен тығыз жұмыс жолға қойылған. Қауіпсіздік, экологиялық тазалық пен ядролық энергияның тиімділігі туралы ақпараттандыру, қоғамдық тыңдаулар мен оқыту бағдарламалары жиі ұйымдастырылады. Францияда кез келген адам атом энергиясына қатысты кез келген сұрақты қойып, жауап ала алады. Тиісінше күдік сейіліп, сенім артады. Қазақстан да осы тәжірбиені басшылыққа алады деп ойлаймын.