Хабар телеарнасы

9 мыңнан астам қазақстандыққа арнайы әлеуметтік төлем тағайындалды

9 145 қазақстандыққа 1,7 млрд теңге сомасында арнайы әлеуметтік төлем тағайындалды.

Биыл 1-ші қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем енгізілген. Бұл көмекке қол жеткізу үшін азаматтың 55 жасқа толуы және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары болуы керек.

Қызметкерлер жалақыны да, арнайы төлемді де алуды жалғастыра отырып, денсаулыққа зияны аз жұмысқа ауыса алады немесе олар зейнетақы тағайындалғанша төлем ала отырып, демалысқа шыға алады.

Арнайы төлемнің орташа мөлшері шамамен - 208 мың теңге. Төлем 4 көзден – республикалық бюджет, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші мен өмірді сақтандыру компаниясынан жүргізіледі.

Арнайы төлем зейнет жасына дейін беріледі. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін аталған адамдарға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдерге қосымша мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындалады.