Әуе рейстері неге жиі кешігеді? Вице-министр себебін түсіндірді
Елімізде әуе рейстерінің кешігіп, елдің берекесін қашырып, жолдан қалдыруы әдетке айналғалы қашан?! Бұл туралы талай айтылып та жүр. Халықтың, әсіресе жаз мезгілінде шыдамы шектен шыққанын түсінді ме? Бүгін Көлік министрлігі елордада арнайы жиын өткізді. Рейстер неге уақытылы ұшпайды? Билет неге қымбат? Бұл қашанға дейін жалғасады?
Әуенің иесі атанған компаниялар халықтың талап-тілегін құлағына қыстырмаса да, министрлік пәрмен берген соң, бірден жинала қалғандай. Бүгінгі басқосуда қойылған басты сұрақтың бірі – билеттің бағасы неге қымбат?
Ерболат Байсалықов, Air Astana компаниясының Кірістерді басқару және коммерциялық жоспарлау жөніндегі аға вице-президенті:
- Өздеріңіз білетіндей жазғы маусымда әуебилетіне сұраныс артады. Бұл бізде ғана емес, әлемдік практика. Сондықтан жолаушыларға билетті алдын ала жоспарлап алып қоюға кеңес береміз. Сонда үнемдейсіздер. Біздің компания 2021 жылдан бері бағаны көтерген жоқ.
Тағы бір көкейтесті мәселе – ұшақтар неге жиі кешігеді? Көлік вице-министрінің пікірінше, биыл су жаңа 12 әуе кемесін сатып алу жоспарда болған. Бірақ тек сегізі ғана бұйырыпты. Себебі әлем бойынша сұраныс жоғары көрінеді. Бұған қоса рейстердің кешеуілдеуіне жөндеу жұмыстары да өз әсерін тигізіп жатыр.
Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:
- Тамыз айында бірнеше аэропорт жөндеуге жабылып жатыр. Ең бірінші – ол Астана аэропорты түнде жұмыс істемейді. Сол себепті күндізгі рейс көбейіп жатыр. Бірнеше басқа аэропорт, Ақтөбеде ұшу-қону жолағы жөнделіп жатыр. Ақтау аэропорты басталды. Неге десеңіз, қауіпсіздік мәселесі ең маңызды мәселе.
Қауіпсіздік мәселесі маңызды, әрине. Өткен айда ғана «FlyArystan» 12 жасар егіздің сыңарын бортқа отырғызбай, әуежайда қалдырып кеткені жұрттың ашуына тиген еді. Компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір ішкі тергеу жүріп жатыр. Лоукостердің шетелдік басшысы кінәларын мойындап отыр.
Ричард Леджер, FlyArystan компаниясының президенті:
- Халықтың наразылығы орынды. Біз осыған дейін де кешірім сұрадық, қажет болса ел алдында тағы да айыбымызды мойындаймыз. Мұндай қателік қайталанбас үшін бірден тексеріс басталып кетті. Баланы рейске отырғызбаған қызметкерлерге қатысты заң талабына сай шешім қабылданады.
Ұшақ кешіксе, әуе компанияларының басшыларын жауапқа тарту керек. Көлік министрінің де шыдамы жеткенге ұқсайды.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Әуе компаниялары мен әуежайлардың бірінші басшыларын да жазалау қажет. Яғни қазір рейстердің кешіккені үшін әуе компаниясына айыппұл салынады. Ал біз ұсынған механизм бойынша басшыларына да айыппұл салу көзделіп отыр.
«Ұшақтар қыркүйектің ортасынан бастап уақытылы ұшады», - деп ант-су ішті жауаптылар. Осы уақытқа қарай әуежайлардағы құрылыс жұмыстары аяқталуға тиіс.
Айбек Қосан, Қабанбай Бөгенбаев