Елордада қаңғыбас иттер қамқорлыққа мұқтаж
Қаржының аздығынан аштыққа ұшырап жатқандар бар. Тіпті күн санап өлген төрт аяқтылар саны артуда. Ал еріктілер уақытша ұстау мекемесіндегі 4 мың ит пен мысыққа алаңдайды. Одан қала берді, күнде 300-ге жуық қаңғыбас ит ауланады. Бұған жауапты мекеме басшысы мен әкімдіктегі сарапшылар не дейді?
Диана Қадыр, тілші:
- Елордада уақытша ұстау мекемесінде қаңғыбас иттер аштықтан бір-бірін жеп жатыр.
Сондай-ақ ветеринар мамандар мен еріктілер берілген қаржының орынды бөлінбей жатқанын айтады. Барына тамақ таппай жатқанда, саны көбейіп кетсе не істейтіндерін білмей алаңдаулы. Себебі көбі стерилизацияланбаған.
Айжан Әбдіразақова, волонтёр:
- Былтыр азаматша Гребенкинаға жеке кәсіпкер ретінде осы баспананы берген. Сонда өзінің видео хабарламасы бар. 6 адамға мына жерде жұмыс істейтін, ай сайын 6 млн теңге жалақыға керек. Ал 9 млн 4 мың итке. Бір ит 5-10 күшікті дүниеге алып келеді. Мұның бәрін тағы да тамақтандыру керек.
Осы даумен мекеме басшысына барғанда, бұл мәселенің барын жоққа шығармады. «Тек шешу үшін мамандардың тапшылығын жойып, бөлінетін қаражатты көбейту керек», - дейді.
Мария Гребенкина, «Стопотлов» жеке қорының жетекшісі:
- Бұны толық шешу үшін бізге ай сайын 25 млн теңге керек. Ал мемлекет тарапынан мардымды көмек болмай отыр. Мамандардың тапшылығы, тамақтардың жетіспеушілігі бар. Күні кеше базада 6 итіміз өлді. Бұл біз үшін ауыр жағдай.
Ал Астана қаласының әкімдігі қаржы бөлгенімен, иттердің жағдайын қадағалауға рұқсаты жоқ. Тек жауапты мекеме жыл соңында қағаз жүзінде игерілген қаржы есебін жіберсе жеткілікті екен.
Анар Сәкенова, Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы:
- Бюджеттік бағдарлама бойынша 60 күн ұстауға 76 млн-ға жуық ақша бөлінеді. Сонымен қатар наурыз айынан бастап бүгінге дейін 60 тонна тауық еті берілді. Қадағалау мен бақылау функциялары біздің құзіретімізге жатпайды.
Еріктілер қаңғыбас иттерге қатысты біраз дүниені өзгерту үшін Мәжіліс депутаттарына хат жазыпты. Алдағы уақытта жаңа өзгерістердің болатынына үміттенеді.
Диана Қадыр, Самат Оспанов