Жаңа Салық кодексі: бизнес өкілдері дабыл қақты
Тамыз айының соңына дейін жаңа Салық кодексі Мәжіліске жетуі керек. Бірақ шикі түзетулер кәсіпті өсірмейді, керісінше өшіреді. Қазақстан құрылысшылар одағы ұйымдастырған жиында сарапшылар осындай пікір білдірді. Айтуларынша, уақыт тапшы деп асығып, «миллиондаған бизнес өкілдерінің болашағымен бұлай ойнауға болмайды» дейді мамандар.
Сәкен Қарин, салық саласының сарапшысы:
-«Кәсіпкерлермен, ірі кәсіпкерлермен, ірі қауымдастықтармен жұмыс жасадық» дейді. Бірақ ол шындыққа сәйкес келмейді. Мен жұмыс тобының мүшесі болдым. Бірақ ол жұмыс тобы ресми түрде бекітілмеген. Басқа топқа сілтейді, бірақ олардың салық кодексіне қатысы жоқ. Біздің қауымдастық 200-ден астам ұсыныс берді. Бірақ оны қарады ма, жоқ па, бізге белгісіз.
Салық саласының сарапшылары бір ғана қосылған құн салығының көлемі өзгерсе, ертең «баға неге қымбаттады?» деп таңқалмаңыздар дейді. Себебі кәсіпкерлер бұл жүктемені жалғыз өздері көтере алмайды, сосын тауардың құнына қосуға мәжбүр болмақ.
Айжан Балакешова, салық саласының сарапшысы:
-Қарапайым тілмен айтқанда, қосылған құн салығының мөлшері көтерілетін болса, онда ешбір тауар өндіруші ол шығынды өз қалтасынан төлемейді, өнімнің құнына қосады. Яғни баға қымбаттайды. Бір ғана құрылыс компаниясын мысалға алсақ. Ол салықты өз қалтасынан шығармас үшін үйдің бағасын көтереді. Бұл барлық салаға тікелей қатысты.