Хабар телеарнасы

Биыл көмір тапшылығы болмайды

Елімізде көмір тапшылығы жоқ. Көмір сататын орындарда жылдағыдай кезекке тұрған көп көлік көрінбейді. Ресми дерек: «еліміздегі көмір кеніштерінде қатты отынның тоннасы сапасына қарай 7 мың мен 9 мыңның арасында сатылып жатыр», - дейді. Алайда кеніштен шығып тұтынушыға жеткенге дейін баға 2, тіпті 3 есеге дейін қымбаттап кетуі мүмкін. Мәселен, елордада Шұбаркөл көмірінің тоннасы 16 мың 550 теңгеден сатылып жатыр.

Досжан Ысқақ, тілші:

Апта басында Үкіметтегі жиында Өнеркәсіп және құрылыс министрі биыл 8,6 млн тонна көмір керек болады деген. Оның 2,3 млн тоннасы коммуналдық қажеттілікке жұмсалса, 6,3 млн тоннасын қарапайым халық жағады. Жылу маусымына дайындық басталғалы 1 млн тонна көмір сатылған. Көмір жетерлік. Әзірге ешқандай кезек жоқ.

Ал бағаға келетін болсақ, халықтың сұранысына ие «Шұбаркөл премиум» көмірінің тоннасы – 9 мың теңге, шығыстағы «Қаражыра» 8 мың 700,  ал «Майкөбе» көмірінің тоннасы 7 750 теңгеден басталады. Бірақ бұл көмір кеніштеріндегі бастапқы баға.

Әзімхан Әбенов, кәсіпкер:

- 9 мың теңге Шұбаркөлдің басында. Теміржолдың тасымалдау тарифі бар, сақтауы бар, вагондардың арендасы бар, адамдардың жалақысы бар, бәрін қосқан кезде 16500 болады. Бізде меморандум аясында акиматпен қойылған баға бар.

Теміржол станцияларынан алыс шалғай аймақтарда баға бұдан да қымбаттай түседі. Қатты отынның өзіндік құнына жүк көліктерімен тасымалдау бағасы тағы қосылады.

Тұрар Жолмағамбетов, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:

- Бізде көмір кенішінен тым алыста орналасқан шалғайдағы өңірлер бар. Оның үстіне аталған өңірлерге вагонмен көмір жеткізетін мүмкіндік жоқ. Сондықтан да бағада үлкен айырмашылық бар.

Алайда дәл қазір көмір нарығының аса қыза қоймағанын ресми дерек те, кәсіпкерлер де растап отыр. Сұраныс күн салқындағанда артатын көрінеді.

Аязбек Сағындықов, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Сұраныс шамалы. Ақшаға да байланысты. Халықта ақшаның ыңғайы жоқ па? Кейбіреулері мектепке балаларын дайындап жатыр. Халықтың жағдайы жақсы болса, көмірсіз отырмайды ғой. Алады ғой.

Андрей Белов, көмір өндіруші компанияның директоры:

- Қазіргі уақытта көмірге ешқандай кезек жоқ. Қоймада қор жетеді. Келген көліктер лезде толтырылады. Дегенмен күн суыта жұрт қимылдай бастайды. Соның салдарынан жылда ұзын-сонар кезек пайда болады. Тұрғындар ертерек қамданғаны дұрыс.

Өзге өңірлерде де тапшылық жоқ. Мәселен, Қарағандыдағы көмір қоймаларына күніне 35 вагонға дейін қатты отын жеткізіліп жатыр. Кенді өлкеде көмірдің 1 тоннасының орташа бағасы – 19 мың теңге.

Досжан Ысқақ, Руслан Нұрланұлы, Аманжол Байғазин