АЭС мұнай мен көмірден бас тартуға сеп бола ма?
Қазақстан 8 жыл бұрын әлемнің 197 елімен бірге Париж келісіміне қол қойған. Оған сәйкес 2060 жылға дейін ауаға көмірқышқыл газын шығару тоқтатылуы керек. Демек біртіндеп дәстүрлі энергия көздерінен, яғни мұнай мен көмірден бас тартуымыз керек. Ал бұл мүмкін бе? Атом электр станциясының артықшылықтары қандай?
Энергия тапшылығы әлем елдері үшін ортақ мәселе. Жыл басынан бері Қазақстан 2,5 млрд кВт сағат энергияны сырттан импорттады. Жыл сайын қуат көзіне сұраныс арта бермек. Мамандардың сөзінше, мәселені шешудің жалғыз жолы бар. Ол – атом электр станциясын салу.
Дэвид Калп, Nac International компаниясының консалтинг жөніндегі вице-президенті:
-Атом электр станциялары салыстырмалы түрде аз отынмен жұмыс істей алады. Салмағы небәрі 3 грамм болатын уранның өзі бір тонна көмір немесе 480 литр мұнай сияқты көп энергия береді. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін арттырары сөзсіз.
Қазақстан - уран қоры бойынша әлемде Австралиядан кейінгі екінші орында. Жер қойнауында 700 мың тонна отын бар. Бұл әлемдегі уранның 14% құрайды. Сарапшы Уильям Фрибэрннің пайымдауынша Қазақстанда шикізат жағынан мәселе туындамауы керек.
Уильям Фрибэрн, S&P GLOBAL Commodity Insights агенттігі директорының орынбасары:
-Көптеген елдер атом энергиясы бағдарламаларын іске қосу мәселесін бірінші рет қарастырып жатыр. Ал Қазақстанның ядролық технология бойынша тарихы бай, дайын кадрлары жеткілікті. АЭС-тің жұмысына қажетті уран қоры да мол.
Заманауи атом электр станцияларында 5 қауіпсіздік деңгейі бар. Бұл жер сілкінісінен бастап, үстіне ұшақ құласа да АЭС-ке зақым келмейді деген сөз. «Оған қоса бұл аймақтағы тұрғындар үшін де қауіпсіз», - дейді ғалым Данияр Жансейітов.
Данияр Жансейітов, Ядролық физика институтының ғылыми қызметкері:
- Халық «АЭС салында ма біз ешқандай жерді пайдаланбауымыз керек, ол жерде адам тұрмауы керек, ол жерде ауыл шаруашылығымен айналыспау керек» деп ойлауы мүмкін. Әрине ол да дұрыс емес сұрақ. Өйткені қазіргі санитарлық қорғау аймағы 3 км аспайды АЭС-те.
Орта есеппен алғанда бір атом электр станциясының қызмет ету мерзімі шамамен 80 жыл. Ал құрылысына 10 жыл уақыт кетеді.
Авторы: Дана Әлиева