Хабар телеарнасы

Қытай көліктерінің сапасы сын көтере ме?

Қазақстанның автонарығында Қытай көліктері көбейді. Атауларынан адам шатасады. Отандастарымыз да оларды жарыса мініп жатыр. Өткен жылы елімізде 50 мыңнан астам қытай көлігі сатылған. Күн сайын жаңа түрі пайда болатын темір тұлпарлар қаншалықты сенімді?

Көршіміздің көліктерінде заманауи жүргізушіге қажетті дүниелердің барлығы бар. Бұрын шетел көліктерінде круиз батырмасына мәз болсақ, қазір жүргізушіге тіпті рөлді ұстап қажет емес. Көлік өзі жүреді. Тек қалқайып отырсаңыз болғаны. Ал алдынан кедергі шықса, өзі тоқтайды. Осындай функциялары көп болған соң ба екен, қазір бұл көліктер сұраныста.

Ал былтырдан бері Қытай көліктері автонарық үлесінің төрттен бірін иемденіп отыр.

Азамат Ибрашев, автосалонның сату бөлімінің басшысы:
-Биылғы тенденция да өте жақсы. Ай сайын бізде 100-ден астам көліктер сатылып жатыр. Объем өсіп жатыр. Адамдардың қызығушылығы артуда.

«Алайда 100 көліктің шамамен 80-і несиеге сатылып жатыр», - дейді маман. Солардың бірін Қуат Әуесбай алған. Қазір ол жаяу жүр. Себебі алты ай өтпей жатып, жап-жаңа темір тұлпардың қозғалтқышы сынған.

Қуат Әуесбай, қала тұрғыны:
-Көлік Балқашта бұзылған. Содан бері қаншама шығындалдық. Моторын ауыстырамыз, турбосын ауыстырамыз деп жатыр. Бұл зауыттың ақауы. Сервис өзіміз жөндеп береміз деп жатыр. Бірақ басқа өркениетті елдерде болса, «сіздің ақауыңызды біз мойындаймыз, сізге басқа бір көлік бере тұрайық» деген секілді қарапайым ғана мәдениет болу керек.

Енді оған кемінде 1 ай көліксіз жүруге тура келеді. Ал автосарапшылар осындай жағдайға тап болмау үшін Қытай көліктерін әбден зерттеп барып, шешім қабылдауға кеңес береді.

Сұңқар Жұртбай, автосарапшы:
-Үлгілі сапаға жеткен жоқ. Бөлшектер жетіспейді. Сол сияқты тізе берсек біршама кемшіліктер де бар. Бірақ ол кемшіліктерді алда жеңеді деп ойлаймын. Болашақта еліміздегі азаматтар 5-6 модельді таңдайды деп ойлаймын. 5-6 модель іріктеледі. Сол іріктелген модельдерге бөлшектер де пайда болатын болар.

Қазірдің өзінде сондай бірнеше марка бар. Себебі олар Қазақстанға бұрынырақ келген. Сондықтан сарапшылар жылтырағанның бәрі алтын емес екенін еске салады. «Әліптің артын баққан дұрыс», - дейді. Бірақ таңдау қашан да тұтынушының өз еркінде.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Дархан Күнтуов, Таир Мерекенов