АЭС құрылысына 8 мың адам тартылады
Елімізде АЭС құрылысын жүргізуге төрт шетелдік компания ниет білдіріп отыр. Олар - Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея мен Франция компаниялары. Іріктеліп алынған жобалар әлі қарастырылады. Ал нақты шешім референдум нәтижесінен соң белгілі болады.
Шетелдік мамандар Астанада өтіп жатқан жиында мынадай деректер келтірді. Қытай компаниясы АЭС-тің 1 гигаватт қуат өндіретін энергоблогын салу үшін шамамен 3 млрд доллар сұрайды. «Құрылысы шамамен 5 жылда аяқталуы мүмкін», - деп отыр.
Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиевтің айтуынша, атом электр станциясы құрылысына 8 мың адам тартылады. Ал АЭС іске қосылғанда 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының директоры:
- 4 компанияның да ұсынып отырғаны әлемдегі ең теңдессіз, қауіпсіз жағынан. Су 2 контурлы реактор. Технологиялары әртүрлі. Бірақ басты мәселе – бұл біртипті атом электр станциясы. Қазақстанға қазір ең қажеттісі – қауіпсіздік. 4 компания, төртеуінің де әлеуеті шамамен бірдей. Өйткені олардың осындай салған АЭС-ның біреуінде де авария болған емес.
«АЭС – әлемдегі ең қауіпсіз әрі сенімді энергия көзі»,- дейді Атырау өңірінің мамандары. Өңірде көптеген ірі жоба қолға алынып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Сол себепті электр энергиясына деген сұраныс артып жатыр. «Ал көгілдір отын қоршаған ортаны ластайды. Сол себепті баламалы қуат көзін өндіру керек», - дейді энергетика саласында 40 жыл еңбек еткен ардагер Мұқамбетқали Қалиев.
Мұхамбетқали Қалиев, энергетика саласының ардагері:
- Органикалық отынның залалы атмосфераға зиянды газ шығарады. Ал АЭС-тің артықшылығы – атом электр стансасында ешқандай газ шығару, болмаса, зиянды заттар шығару болмайды. Олардың қауіпсіздігі қазір өте жоғары деңгейде.