Хабар телеарнасы

Енді аудан және қала әкімдерін халық сайлайды

Елімізде енді аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің барлығын халық сайлайды. Бүгін Жолдауда Президент осылай деді. Естеріңізде болса, былтыр күзде алғаш рет 42 аудан мен 3 шаһардың әкімін халық өзі таңдады. Ал ауыл әкімдерін 2021 жылдан бері тұрғындар сайлап келеді. 3 жылда 2,5 мыңға жуық ауылдық округ басшысы ел ішінен іріктелді. Бұл – барлық ауыл әкімдерінің 90%. Енді аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері де осылай жаңарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді.