Ауыл денсаулығы ақсап тұр
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру қарқыны төмендеген. Олжас Бектенов осылай деп, мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын сынға алды. Үкімет басшысының айтуынша, былтыр мұндай 309 объектіні салу жоспарланған. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер жер бөлуге қатысты түрлі сылтау айтып, мәселені шешуге ниет танытқан жоқ. Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама да тым кешеуілдеп кетті. Салдарынан ауылдық жерлердегі медицина объектілерінің құрылысы мерзімінен кешікті. Түйткілді шешу үшін Премьер-министр, жұмысты едәуір жеделдетіп, нысандар құрылысын мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Өткен жылы тек 99 объектіні тапсыру туралы шешім қабылданған болатын. Бірақ оның өзіне қол жеткізілген жоқ. Әлі күнге дейін 7 объект аяқталмады. Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді. Бұл жұмыс та аяқсыз қалды.