Хабар телеарнасы

Қостанайдан Қарасу ауылына дейінгі тас жолды әлі су басып жатыр

Қостанайдан Қарасу ауылына дейінгі тас жолдың 6 шақырым бөлігін әлі су басып жатыр. Екі аралықта сапарлаған жұрт айналма дала жолымен жүруге мәжбүр. Одан қалды суда тұрған электр бағандарының зақымданып, құлау қаупі тағы бар. Сондықтан бұл аумақта төтенше жағдай режимі әлі сақталып отыр.

Қостанайдан аудан орталығы Қарасуға аса бір қажеттілік болмаса, былайғы жұрт қазір бара қоймайды. Өйткені көктемде тас жолды су басқаннан бері қатынас қиындаған. Ол жаққа тек 80 шақырым айналма жолмен не жаңбыр жауса, ми батпаққа айналатын дала жолымен жетуге болады.

Арман Айтпаев, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:

- Мынау жолмен сырқат адамды қалай жеткіземіз? Ауыр жарақаты бар, не жүрегі ауыратын адаммен жолда қалып қойсақ не болмақ?

Ғазез Байзақов, пошта көлігінің жүргізушісі:

- Міне, жаз бітті, қыс басталайын деп жатыр. Әлі жол істелмейді. Не масқара?

Бұл жолмен жүру ауыр жүк көліктеріне де үлкен сынақ. Атқарушы билік қамсыз отыр деуге болмас. Іргедегі Алабота көлінен күні-түні су сорып, далаға ағызып жатыр. Бірақ одан қайыр болмай тұр.

Динара Тұрсынбаева, Қарасу ауданы әкімінің орынбасары:

- Жаз айлары екі есе көп ылғал түсіп, көлдің су деңгейі түспек түгілі, көтеріліп кетті. Соған байланысты облыс басшылығы су арнасын бұру үшін қосымша арық қазу жөнінде шешім қабылдады.Оған 108 млн теңге бөлінді.

Ауданға тартылған электр бағандарының 15%-і қазір суда тұр. Аяз түскенше ол маңайды құрғатып үлгірмесе, мұз болып қатқан баған тіреуіштері бұзылып, қирауы мүмкін. Олай болған болған жағдайда аудан жарықсыз қалады.

Мағауия Қалиев. Ермек Мұхамедияров