Депутаттар жаңа Салық кодексін әзірлеуге кірісті
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті жаңа Салық кодексінің жобасы мен оған ілеспе түзетулерді жұмысқа қабылдады.
Айта кетсек, жоба 822 баптан тұрады. Құжатта корпоративті табыс салығының мөлшерін саралау, қайта өңдеуді дамыту үшін салық шегерімдерін кеңейту, табысты қайта инвестициялау, салық пен өзге төлемдер санын қысқарту, салық режимдерін оңтайландыру, салықтық әкімшілендіруді жетілдіретін іс-шараларды қарастыру сияқты міндеттер тұр.
Еске сала кетейік, күні кешегі Жолдауында Мемлекет басшысы заңды сапалы әзірлеу үшін Салық кодексін қабылдауды келесі жылға ауыстыруды тапсырған еді. Себебі барлық салық төлеуші тараптардың мүддесі ескерілуі тиіс.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– 5 жылдың ішінде Қазақстанның тау-кен өндірісінде олигархтар 8,5 трлн тг дивиденд алған. Бұл – Қазақстанның бюджетінің 3/1-і. Сондай олигархтардың қалтасын қампита бермейтіндей жағдай жасалуы керек. Кіші бизнеске жеңілдетілген салық жүйесі болуы керек. Ал орта бизнеске диверсификация. Оның жаңағы қалтасындағы жағдайы көтеріліп отыратын болса, оларға салық жоғары болуы керек. Яғни прогрессивті салық жүйесіне көшу керек.
Айта кетейік, Мәжіліске жиыны 10 заң жобасы түсті. Олардың ішінде Ұлттық қордан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы, 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және Астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері сияқты заң жобалары бар.