Хабар телеарнасы

Жолдау-2024: Салық режимі оңтайландырылады

Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында салық саясатына ерекше тоқталды. Елімізде 10 млн-ға жуық экономикалық белсенді халық бар екенін ескерсек, салық саясатын ілгерілетудің маңызы зор екенін бағамдауға болады. Президент атап өткендей, жаңа Салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салық төлеушілерге деген сенімге негізделіп, жаңа жүйені қалыптастыруы тиіс. Ең бастысы – ол барлық азаматтарға түсінікті болуы шарт екенін айтты. Салық саясатының бір парасына тоқталсақ.

Салық режимдерін оңтайландыру. Бұл ретте кәсіпкерлер үшін тиімді шарттардың сақталуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал. Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен бас тартқан абзал. Мысалы, салық берешегі шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуы тиіс. Яғни борышкердің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау. Яғни табысы аздар аз төлейді, табыс өссе, салық мөлшері де өседі.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:   

– Салық кодексі Президент айтқандай түсінікті болуы керек. Жиі өзгермеуі керек. Және бизнестің қызмет жасауына тиімді мүмкіншілік болуы керек. Осы үш қағиданы мен де қолдаймын. Бұрынғы кезде заңдарда лоббилық мүмкіншіліктер көп болды. Ананы салықтан босатамыз, мынаған күшейтеміз. Соны да болдырмауымыз керек.