Оқулықтағы олқылықтар қашан оңалады?
Жаңа оқу жылының басталғанынан бірер күн өтті. Көпшіліктің көкейіндегі сұрақтың бірі – оқулықтар жаңартылды ма? Бұған дейін жиі айтылып, көп талқыға түскен кітаптағы «қателер» түзетілді ме?
30 жылдан астам ұстаздық қызмет атқарған Тұрсын Сүлейменова зейнет жасына жетсе де, білім саласынан қол үзген емес. Немерелеріне сабақ оқытып, оқулықтардағы өзгерістерді бақылап отырады. «Тың жаңалық көп, бірақ техникалық қателер әлі де бар»,- дейді.
Тұрсын Сүлейменова, білім саласының ардагері:
- Қарап отырсам, кейбір есептердің сандарын дұрыс жазбайды. Кейбір есепті дұрыс жазбайды. Сондықтан саны мен жауабымен есеп дұрыс сәйкес келмей қалатын жерлері бар. Ол неліктен болғанын мен де түсінбеймін. Ал қазақ тілінің оқулығынан көп қате кетеді. Ол қателер аудармашылар жұрыс аудармайтын сияқты, балалар оны түсінбейді. Өзімнің немерелерім 7-ші сынып болған соң, 7-сынып оқулықтарынан байқап қалып жүрмін.
Кітаптағы қателерден көз сүрінетіні туралы айтудай-ақ айтылды. «Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері бұл мәселені шешуде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр»,-дейді. Оқулық жазатын авторлар мен сарапшылар және баспаханалардың жауапкершілігі күшейтілген. Сондай-ақ кітап алдымен қазақ тілінде жазылып, кейін өзге тілдерге аударылады.
Әсима Рысқұлбекова, баспаның вице-президенті:
- Автолар өзінің біршама тәжірибесі төселді, жаңартылған білім беру мазмұнының ерекшеліктерін түсініп, артықшылықтарын осы оқулықтың мазмұнына жоғары деңгейде беруге тырысып жатыр. Қазір бәсекелестік өте жоғары. Себебі оқулықты арнайы мемлекеттік сараптамаға ұсынбас бұрын біз әрбір оқулық бойынша баспаішілік сараптама жүргіземіз.
Мамандар оқулықтағы олқылықтар уақыт өте келе жойылатынын айтады. Себебі білім беру стандарты бойынша әр 6 жыл сайын кітаптар жаңартылып отырады. Мәселен, қазір 4-ші сыныптың оқулықтары сараптамадан өтіп жатыр. Оны зерттеуге кез келген адам қатыса алады.
Мәншүк Мұхаметқали, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары:
- Екінші қыркүйектен бастап осы оқулықтардың барлығы бізде пилоттық мектептерде сынақтан өтеді және сонымен бірге қоғамдық талқылаудан өтеді. Бұл келесі 2025-26 оқу жылында пайдалануға ұсынылатын оқу әдебиеттері. Мектеп оқулықтарына бей-жай қарамайтын қоғам мүшесі осы қоғамдық талқылауға қатысып, осы оқулықтың мазмұнына, құрылымына қатысты өзінің ой-пікірін айтуға мүмкіндігі бар.
Жаңа оқу жылында бірнеше сынып жаңа стандарт негізінде шығарылған оқулықтарды пайдаланады. 3-ші сынып оқушыларына 7 пән бойынша қайта басып шығарылған кітаптар таратылды. Ал 4-ші сыныптағы оқу құралдары пилоттық мектептерде сынақтан өтеді. Бұл үшін жалпы 30-дан астам білім ұясы таңдалып алынған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Қайрат Ақтөреев