Көкшетаудағы Қылшақты өзені тазартылып жатыр
Көкшетауда биыл 100-ден астам үйдің су басуына себепші болған Қылшақты өзені тазартылып жатыр. Қаланың қақ ортасымен ағып өтетін өзеннің соңғы жылдары жағасын қамыс басып, суы батпаққа айнала бастаған. Содан оның ағысы төмендеп, еріген қар суы арнадан асып кететін болған. Құны 400 млн теңгелік жобаны қаржыландыруға жергілікті кәсіпкерлер қол ұшын беріпті.
Көктемгі тасқын кезінде қарғын судан үйі зардап шеккен жанның бірі - Арман Елшібеков. Себебі баспанасы дәл өзеннің жағасында орналасқан. Екі рет үйіне су кірген ол енді қауіптің ауылы алыстайды деген үмітте.
Арман Елшібеков, қала тұрғыны:
-Қылшақты өзенінде тазарту жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Қамыс қаптап, өзен жағасына жете алмай қалып едік. Енді көктемде үйімізге су кірмейді деп ойлаймын.
Жоба бойынша өзеннің төрт шақырымы тазартылып, екі метрге дейін тереңдетіледі.
Қылшақты өзеніндегі бұл жұмыстар 11 тамызда басталған еді. Міне, сол уақыттан бері өзеннің 1,5 шақырымы тазаланған. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай осындай техникалардың көмегімен өзен түбіндегі тасқыннан кейінгі және жылдар бойы жиналған қоқыс сыртқа шығарылып жатыр.
Нұржан Дүйсенов, мердігер:
-Қазір жұмыстар белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Әрине арнайы қойған уақытта бар. Қараша айының ортасында аяқтаймыз. Жағасына абаттандыру жұмыстары да жүргізіледі.
Мұндай тазалау жұмыстары Ақмола облысындағы басқа елді мекендерде де қолға алыныпты. Осылайша әр жылдары көктемде су тасып, тұрғындарды әбігерге салатын мәселені түбегейлі шешу көзделуде.
Джанет Микишев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
-Қазір бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде аймақтағы көптеген ірі кәсіпорындармен арнайы келісімшарт жасалды. Қылшақтыдан бөлек, Талапкер ауылының маңындағы Есіл өзені де тазаланып жатыр. Қоянды ауылында 8 шақырымдық су өткізу канал салынып жатыр.
Атбасардағы Жабай өзені де тазартылуда. Арнайы техника арқылы оның арнасы 10 метрге дейін тереңдетіледі.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко