Хабар телеарнасы

СҚО-да жауын-шашын егін орағын кешіктіріп жатыр

Астықтың шығымы тәуір болғанымен, оны жинау оңай болмай тұр. Диқандар қазір небәрі 500 мың гектар алқапты орып үлгерген.

Александр Хитров тамыздың басында комбайндарын іске қосып, егін оруға кіріскен. Бірақ жауын-шашынның салдарынан бидай алқабының тек жартысын ғана жинап үлгеріпті. Оның айтуынша, биылғы егіннің жайы жақсы. Диқан кей жерде бір гектардан 58 центнер өнім алған.

Александр Хитров, диқан:

- Биылғы орташа өнім 45 центнерді құрап отыр. Бірақ ауа райының қолайсыздығы қолбайлау. Міне, қазір де жаңбыр жауып тұр. Жұмыс істей алмаймыз. Бұған дейін бір апта егін ордық. Кейін үш күн бойы жаңбыр жауды. Әлі де 2-3 күнсіз жұмыс басталмайды. Егін бітік болғанымен, осындай мәселе бар.

Ылғалдың көптігінен егіс алқабынан жиналған астықты кептіруге де мүмкіндік жоқ. Сондықтан диқандар енді жердің кебуін күтеді. Өңір шаруалары онсызда егін жинауды 2 апта кеш бастаған. Биыл олар 4 млн 400 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның 3 млн-нан астамы астық. Әзірге 500 мың гектар алқап жиналды.

Мейрам Меңдібаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Егін жинау жұмыстарын жедел жүргізу үшін 59 мың тонна көлемінде арзандатылған дизель отыны бөлінді. Литрі 250 теңгеден беріледі. Сонымен қатар биыл алғаш рет сұйытылған газға өтінімдер қабылданды.

Өңірдің элеваторлары мен астық қабылдау пункттері толық дайын. Олар осы науқанда 7 млн тоннаға жуық астық қабылдай алады.

Асланбек Шығыр, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков