Хабар телеарнасы

Ұлытау облысының жылу жүйесін жаңғыртуға ₸35 млрд бөлінді

Биыл Ұлытау облысында жылу маусымына әзірлік жұмыстарына 35 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға Жезқазған мен Сәтбаев қаласында 44 шақырым жылу магистралі жаңартылды. Одан бөлек ұзақ жылдар жөндеу көрмеген жылу қазандықтары жаңғыртылуда. Қазір жоспарланған жұмыстардың 90%-і орындалған.

Мейрамкүл Әділбекова жетекшілік ететін пәтер иелері кооперативі Жезқазғандағы көпқабатты 69 үйге қызмет көрсетеді. «Мамыр айында басталған дайындық жұмыстары бүгінде толық аяқталды», - дейді ол. Мамандар қазір жылу құбырларының қысымға төзімділігін тексеріп жатыр. 

Мейрамкүл Әділбекова, ПИК төрағасының міндетін атқарушы:

- Алдымыздағы қыс көрсетеді енді. Сыртқы жағдайларға байланысты. Жылу беріп оытрған ТЭЦ, ПТВС сол жақпен біз бәріміз бірге нетеміз ғой. Сыртқы жағдайлар көрсетеді дайындықты. Біз толық дайынбыз.

Сала мамандарының сөзінше, Жезқазған жұрты алдағы қыстан қысылмай шығуы тиіс. Себебі биыл мұнда ширек ғасыр жөндеу көрмеген желілер жаңғыртылып, олардың жылу өткізу мүмкіндігін артыру мақсатында диаметрі ұлғайтылуда. Сонымен қатар жылу электр орталығын жаңғыртуға 15 млрд теңге инвестиция тартылды. 

Марғұлан Тайланбаев, ЖЭО бас инженерінің орынбасары:

- 5-ші қазандықта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 8-ші қазандықты жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы 4-ші турбогенераторды күрделі жөндеуді жүргізуді біттік. Күрделі жөндеулер мен ағымдағы жөндеу жұмыстары 80%-ке орындалды. Отын қоры жеткілікті.

Жалпы облыста 100-ден астам ірілі-ұсақты жылу қазандығы бар. Олардың барлығы алдағы маусымға дайындығын пысықтап үлгерген. Ал әлеуметтік нысандардың дайындығы 90%.

Ұлантай Үсенов, облыс әкімінің орынбасары:

-1419 көпқабатты үйдің дайындығы қазір 90%-ке жетті. Қалғандарын осы қыркүйек айында аяқтап бітіреміз толығымен. Оған қоса әлеуметтік нысандар: мектептер, балабақшалар, ауруханалар дайындық жұмыстарын аяқтап жатыр бүгінгі таңда. Облысқа керек көмір қоры бюджеттік мекемелерге тапсырыс жұмыстары жүріп жатыр.

Биыл тартылған инвестициямен қоса есептегенде, жылу беру маусымына әзірлік жұмыстарына 35 млрд теңге жұмсалды. Мұның сыртында облыс орталығында бой көтерген жаңа шағынауданға жылу құбырын жүргізу үшін Үкімет резервінен 5 млрд теңге бөлінді.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев