Ұлытау облысында ірі қарадан құтырма ауруы анықталды. Өңір жаңалықтары
Ұлытау облысының Жыланды ауылында ірі қарадан құтырма анықталып, 8 мал өлді. Елді мекенге 60 күндік шектеу қойылды. Ет-сүт өнімдерін шығаруға тыйым салынған. Мамандар қора-жайларды дезинфекциялап, ауруға қарсы егу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауырған малды сойған адамдар дәрігерлер бақылауында.
Қостанайда қауіпті медициналық қалдықтар сақталған жасырын қойма табылды.
Зиянды заттарды жоюмен айналысатын серіктестік қоқысты әр 3 күн сайын Астанадағы арнайы орынға тасымалдауы шарт. Алайда олар қоймаға жинай берген. Және қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ақтауда Қаракөлге сарқынды су төккен қонақүй басшылығы 2 млн теңге айыппұл төледі.
Жауапты орган жоспардан тыс тексеру жүргізіп, экологиялық заң талаптары бұзылғанын анықтаған. Қонақүйден шыққан лас су қаланың кәріз желісіне қосылған. Соңғы екі айда Қаракөлге ұшып келген 900 аққу құс тұмауынан қырылған болатын.
Қарағанды прокурорлары 400 астам азаматтың тұрғын үй кезегінде заңсыз тұрғанын анықтады.
Тізімге алынған 33 мың азаматтың 454-і мемлекеттен жеңілдікпен баспана алуға тиесілі топтардың ешқайсына сай келмейді. Қазір бұл іске қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.