Оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығы артып барады
Елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығы айрықша сезіледі. Былтыр жетіспеушілік сағатына 3,1 миллиард киловатт болды. Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері аймақтағы 300-ден астам азаматпен кездесу өткізіп, бұл нысанның маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ штаб облыстық ауруханада Денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесіп, атом энергетикасын дамыту перспективаларын талқылады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Мемлекет болашағына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен қоғамның пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Президентіміздің бұлжымас ұстанымы. Бұл қоғамда жаңа саяси мәдениеттің қалыптасқанының көрінісі. Күнделікті өмірде, тіршілікте осының бәрін байқай бермейтін шығармыз. Бірақ әр қадамымызды анық басып, жоспарларымызды кезең-кезеңмен іске асырып келе жатырмыз. Түпкі мақсат, осы реформаларды әр отбасы, әр азамат сезінуі керек.