Хабар телеарнасы

Абай облысының тұрғындары электр желісін жаңартуды сұрап отыр

Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында энергия тапшылығын жою керегін айтты. Энергия тапшылығын сезініп отырған ауыл-аймақтар бар. Мәселен, Абай облысындағы Үшбиік ауылының тұрғындары үп еткен желге сөнетін электр желісін жаңартуды сұрайды. Жергілікті жұрт әкімдікке шағым айтқалы 10 жылдан асқан. Бірақ мамандар түрлі сылтаумен кейінге шегеріп келеді.

Төлеубек Ахметжанов - Үшбиік ауылының байырғы тұрғыны. Жарыққа қатысты шағым айтып, әкімдіктің есігін талай қаққан. Алайда бүгінге дейін ешқандай жұмыс жасалмаған. «Біраз жел соқса, жарық өшіп, бағаналар құлап жатады»,– дейді ауыл тұрғыны.

Төлеубек Ахметжанов, Үшбиік ауылының тұрғыны:
-Мына опораларымыз түбінен шіріп жатыр, 60 жылдардың аяғында салынған. Ол құлап, түнгі жарығымыздың кабелін үзеді. Соның салдарынан кейбір көшелерде түнгі жарық та жоқ. Осы мына посынкалар құламайтындай сымдар ауыстырылса деген ойдамыз.

Үшбиік ауылында 300 жуық үй бар. Жергілікті жұрт жарыққа қатысты мәселені жылда көтереді. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже болмаған.

Жүнісбек Ақылбаев, Үшбиік ауылының тұрғыны:
-Неше ауыстырды өзі. Ауыстырғанда да орнына жаңа әкеп қоймайды әйтеуір, кішкене рабочий болса болды, соны әкеліп қоя салады. Бұл әсіресе мынау қыстың күні, боран кезінде светтің бәрі өшіп қалады. Себебі линияның өзі тозығы жеткен. 70 жылдан асып кетті ғой.

Жалпы Абай облысындағы электр желілерінің ұзындығы 15 мың шақырымнан асады. Бүгінде оның 95% тозған. Жарыққа жауапты компанияның Абай облысындағы өкілдері Үшбиік ауылындағы мәселеден бейхабар. Мамандар: «Жарықты жоспарлы жұмыс жүргенде ғана өшіреміз»,– дейді

Ринат Елубаев, жарыққа жауапты компания өкілі:
-Жылдық жоспарлық жұмыстарымызды атқару мақсатында сол Үшбиік ауылының светтерін өшіруге тура келді. Өтйкені біздің барлық жұмыстар барлық светтерді өшірумен ғана істеледі. Жұмыстардың барлығы ауылды тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін жүріп жатыр. Бүгінгі таңда барлық жұмыстар аяқталды.

Жарықтың жиі өшуіне электр желілерінің тозғаны себеп. Сала мамандары мәселенің қашан нақты шешілетінін айта алмады. Аудандық ТҮКШ бөлімі Үшбиік ауылындағы электр желісіне техникалық қызмет көрсету үшін бюджеттік өтінім берілгенін хабарлады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов