Хабар телеарнасы

Қыс басталғалы елде 1300 рет дауылды ескерту жарияланды

Қыс басталғалы елімізде 1 300 рет дауылды ескерту жарияланып, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар 390 рет жабылды. Күні бүгінге дейін 1,5 мың адам құтқарылса, оның 149-ы бала. Ал қар құрсауынан 208 техника шығарылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығымен, биылғы қыс маусымына 37 мың 400 маман және 13 мың 600 бірлік техника жарамды деп бекітілген. Жауапты мамандар ұзақ жолға шықпас бұрын ауа райы болжамын қарап алу керектігін ескертеді. Darmen мобильді қосымшасының көмегімен, қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтай аласыз. Егер көлігіңіз қар құрсауында қалса, дереу «112» немесе «102» жедел телефондарына қоңырау шалыңыз. 

Аслан Уакишев, ҚР ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары:

-Ауа райының нашарлауы, республиканың автожолдарының жабылуы және басқа да шұғыл хабарламалар туралы халықты хабардар ету мәселелері ерекше бақылауда. Мәселен, ауа райының нашарлауы туралы 1 800 мың СМС-хабарлама жіберілді. Одан бөлек, зардап шеккен халық үшін 49 мың адамға арналған 846 жылыту пункті, сондай-ақ 32 далалық басқару пункті ашылды.