Хабар телеарнасы

Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы ұлғайып барады

Энергетика министрлігінің есебінше биыл біз сағатына 2,5 млрд кВт энергияны сырттан импорттауға мәжбүрміз. 2030 жылға қарай тапшылық 13,5 млрд-қа дейін өсуі мүмкін. Сондықтан мамандар атом станциясын салу туралы шешім дұрыс,- деп отыр.

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін Мемлекет басшысы өзі көтерді. Кейін жауапты органдар мен ғалымдар бастаманы зерттеуге кірісті. Қазір 4 елдің жобасы қарастырылып жатыр. Технологияны таңдағанда алдымен қауіпсіздік мәселесіне мән беріледі. Ғалымдардың пікірінше, әлемде қолданыстағы үшінші және үшінші плюс буынындағы қазандықтарға қауіп жоқ. Антропагендік қауіптерден де қорғалған. Ұшақ құлап, үстіне жарылғыш зат тасталса да сыртқы қабатына зиян келмейді.

Мамандардың айтуынша, кадр тапшылығы да болмайды. Өйткені жобасы таңдалған тарап қазақстандық мамандарды оқытуға міндеттеледі.

Лим Хак-Кю, Kings институтының деканы:

- Біз әлем бойынша білікті мамандар дайындаймыз. Қазір атом станцияларында жетекші қызмет атқарып жатқан түлектеріміз өте көп. Кез келген ел құрылыс жасайтын компанияға кадр дайындау туралы талап қоятыны анық. Сондықтан бұл мәселе жолға қойылған. Өз жобасын ұсынған барлық компания осылай жасайды.