Хабар телеарнасы

АЭС салу: Жетісу облысының Ақсу ауданында жиын өтті

Атом электр станциясын салу мәселесі шалғай ауылдарда да талқыланып жатыр. Жетісу облысының Ақсу ауданында аталған жобаға қатысты жиын өтті. Оған Ілияс Жансүгіров ауылының тұрғындары мен белсенділері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Олар ауқымды жоба жайлы өзара пікір алмасты. Станцияның қауіпі мен ел экономикасына тигізер пайдасын талқылады. Басқосуды қорытындылаған тұрғындар алдағы референдумға белсене қатысатынын айтып тарқасты. 

Энергия қуаты тапшы уақытта ешкімге тәуелді болмау маңызды. «Бейбіт атом үшін» акциясы аясында өткен жиында атыраулық жастар осындай пікір білдірді. Басқосуда атом энергетикасының маңызы мен артықшылықтары талқыланып, атом электр станциясының тұрақты даму мен экономикаға тигізер пайдасы туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ экология және қауіпсіздік мәселесі де көтерілді. 

Ақтөбеде ардагерлер кеңесінің мүшелері атом электр станциясын салу мәселесін талқылады. Ақсақалдар: «Еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамассыз ететін жобаны кейінге қалдырмай жақын уақытта қолға алу қажет», - дейді. Себебі техникалық және өндірістік өркендеу заманында энергия көздеріне сұраныс артқан.