Хабар телеарнасы

Келесі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғыз Республикасында өтеді

Келесі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтеді. Мұны көрші елдің Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов мәлімдеді. Дүбірлі дода 2026 жылға жоспарланған. Ал Астанадағы бүгінгі жарыс күні қалай өтті?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Бұл – Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешені. Мұнда ұлттық спорттың 6 түрі бойынша жарыстар өткізіледі. Бүгін қазақ күресі мен алыш бойынша кездесулер өтіп жатыр. Дәл қазір бозкілемде біздің қазақстандық спортшы қыздарымыз өзінің алғашқы кездесулерін өткізіп, жақсы өнер көрсетіп жатыр. Дәл қазір қазақ спортшысы жеңді.

Өзбекстандық балуанның жауырынын жерге тигізіп, айқын басымдықпен жеңіске жеткен ұлттық құраманың мүшесі – Роза Нысантайқызы. Жас спортшы бізге сұхбат беруден бас тартқан соң, сұрақтарымызға жаттықтырушысы жауап берді.

Айбат Сейтен, қазақ күресінен аға жаттықтырушы:

- Қазір іріктеу кезеңдері өтіп жатыр. Бірінші кездесулерін енді өткізіп жатыр балуандар. Ары қарай іріктеу кезеңдерінен өтсек, финалдық кездесулерге өтеміз. Кеше 8 алтын алдық. Бүгін 8 салмақ. Алтын алуға бар күш-жігерімізді саламыз.

Айтқанындай, балуандар бүгін де барын салды. Ал Роза алтыннан алқа тағынды. Онымен қоса Зарина Сарипова да чемпион атанып, тағы бірнеше спортшы жеңіс тұғырынан көрінді.

Тағы бір тартысты сайыс – мас-рестлинг. Қазақша айтсақ, таяқ тарту. Бұл спорт бойынша жарыстың соңғы күні. Финалға 4 спортшымыз шықты. Көшпенділер ойындарынан байқағанымыз, қай сайыста болсын қырғыз спортшыларының жанкүйері өте көп. Бірақ олар тек Қырғызстан үшін қолдау көрсетпейміз, - дейді.

Алыбек Әжібекұлы, қырғыз жанкүйері:

- Біздің мақсатымыз – халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Сол арқылы халықтар достығын нығайту. Ал біз негізінен түркі тілдес елдерге жанкүйерміз. Қажет болса, басқа елдерге де қолдау білдіре береміз. Бізден көрген басқалар да солай жасап жатыр. 

Ал асық атудан Қазақстанның ерлер құрамасы жарыс жолын еш жеңіліссіз жалғастырып келеді. Олар Грузия және Испания құрамаларымен кездесіп, екеуін де 3:0 есебімен жеңді. Ал асық атудан ақтық кезең ертең «Алау» мұз айдыны кешенінде өтеді.

Дамир Берікұлы, Қанат Әбілдин