Америка азаматы Қазақстаннан ата-бабаларының зиратын тапты
Нақтырақ айтсақ, астаналық ғалымдардың көмегімен Майкл Браун есімді АҚШ ғалымы атасының бауырлары жатқан ескі қорымды анықтады. Ол – Ақмола облысының қазіргі Шұбарағаш, бұрынғы Карамышевка ауылында орналасқан. Ең қызығы, Майкл туыстарының Қазақстанда тұрғанын бертінге дейін білмеген.
Америкалық Майкл Браун Астанаға келе салысымен Бұланды ауданына жол тартты. Жүзінен «туыстарымның зиратына қашан жетеміз?», - деген алаңдаушылық байқалады. Бұған дейін атасының бауырлары Ресейдегі Карамышевка ауылында деп ойлап жүрген ол, қазақ ғалымдарының арқасында қандастарының бейітіне зиярат етті.
Майкл Браун, АҚШ азаматы:
- Бұл – мен үшін таңғажайып жағдай. Қазақстанда туыстарым тұратынын білмеппін. Атамның бір туған бауырларының осында жатқанын 2016 жылы Қарағандыға конференцияға келгенде білдім. Онда да Карамышевка ауылының атауы арқылы анықтадық. Қазақстандық әріптестеріме алғысым шексіз.
Майклдың аталары 20 ғасырдың басында Ресейдегі Карамышевка ауылынан Ақмола облысына қоныс аударып, Бұланды ауданында да Карамышевка ауылын құрған екен. Сол себепті көне қорымдағы бейіттердің барлығында дерлік Майкл Браунның туыстары, яғни атасының 5-6 бауыры және олардың бірнеше ұрпағы жерленген екен.
Арайлым Мұсағалиева, тарих ғылымдарының докторы:
- Біздің бұл таныстығымыз ол кісімен 2017, 2018 жылдары болды. 2020 жылы осы американдық ассоциацияның журналында мақала шығардық және Карамышевканың неміс тұрғындары туралы мағлұматтарды жібердім. Ақмола облыстық архивінен және аудандық архивтерден алдым. Сосын мен осы 1 ай бұрын Карамышевка ауылына келдім. Осы зиратты аралап, содан кейін ол кісіге «сіздің туыстарыңыз осы жерге жерленген», - деп хат жаздым.
Профессор Майкл Браун – Америкадағы халықаралық неміс қауымдастығы директорлары кеңесінің мүшесі:
- Ақмола облысынан туыстарын тапқан ғалым енді Қазақстанда тұрған немістер жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ бұрынғы Карамышевка, қазіргі Шұбарағаш ауылында тарихи ескерткіш орнату мәселесін де қолға алмақ. Ал Браундардың кейінгі ұрпақтары елді мекеннен түгел көшіп кеткен. Оларды тауып, табысу да енді – Майклдың мақсаты.
Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин