Хабар телеарнасы

Биыл 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Биыл Шымкентте өнеркәсіп саласында 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ал мұнай өңдеу зауыты алдағы 6 жылда өнім көлемін екі есе арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің үлкен шаһарға жұмыс сапарында айтылды. Үкімет басшысы Президент Жолдауын іске асыру барысымен танысып, жергілікті мамандардың атом электр стансасын салуға деген көзқарасын біліп қайтты.

Мұнай өңдеу зауыты жылына 6 млн тонна сапалы сұйық отын өндіруге қауқарлы. Кәсіпорынға ішкі нарықтың сұранысын толық қамту үшін өндірістік қуаттылықты екі есе арттыру міндеті жүктелген. Биыл бұл жобаны іске асыру жұмысы басталып, алдағы 6 жылда аяқтау жоспарланып отыр. Өндірісті кеңейту үшін тұрақты энергия көзі қажет. Сондықтан мамандар Мемлекет басшысының атом энергетикасын дамыту жөніндегі бастамасын құптайтынын айтады. 

Нұрбол Нұрманов, зауыттың бас технологы:

- Келешекте зауыт қуаты 2 есе артқандықтан, өндіріс көлемі көбейгендіктен, әрине, электр қуаты бізге көп көлемде қажет болады. Сондықтан атом электр стансасының көз қуаты бірден-бір бізге қажет деп ойлаймыз.

Үкімет басшысының жұмыс сапары «Оңтүстік» индустриялды аймағында жалғасты. Олжас Бектенов алюминий қалбырлар мен қақпақтар шығаратын кәсіпорында болды. 360 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған зауыт өнімі ішкі нарықта сатылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталады. Аймақтың инвестициялық климатын бұдан әрі дамыту үшін Үкімет  резервінен қолдау болады. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жалпы мына индустриялды аймақтар жақсы тәжірибе. Әсіресе мына Шымкентте жақсы жүріп жатыр. Сондықтан қолдау болады. Республикадан береміз қаражатты. Оның бәрі қайтады ғой. Салық төлейді, жаңа жұмыс орындары ашылады. Кәсіпорындар пайда болады. Технология, транспорт дейміз. Оның бәрін қосқанда әсері өте жақсы.

Шымкентте орналасқан 7 өндірістік аймақта 293 жоба іске асырылған. Жалпы 7 айдың қорытындысы бойынша 621 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

Біржан Әзімбердиев, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Бізде өңдеу өнеркәсібінде 16 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде қазір 4 жоба іске асырылды. Жобалар қосылатын болса, 1200-ге жуық жаңа жұмыс орнын құратын боламыз. Бұл жыл соңына дейінгі жоспарымыз. 80 млрд-қа жуық инвестиция тартылып отыр. 

Премьер-министр қаланың бас жоспарының іске асырылуымен танысты. Биыл бұл бағытта 66 тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Қазір құрылып жатқан «Ақжайық» шағынауданында 26 көпқабатты үй жыл соңына дейін баспана кезегінде тұрған отбасыларға үлестірілетін болады.

Қуаныш Асылов, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- Ақжайық шағынауданында тұрмыз. Осында 35 үй құрылысы жоспарланған. Бас жоспарға сәйкес 2035 жылға дейін 25 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.

Биыл барлығы 1 млн 400 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға береледі. Бас жоспарға сәйкес жаңа шағынаудандарда «Жайлы мектептер», емханалар мен заманауи спорт кешендері қоса салынуға тиіс. Сонымен қатар жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін оқушылар сарайының да құрылысы жоспарланған.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов