Хабар телеарнасы

СҚО-да 2 млн тонна бидай бастырылды

Солтүстік Қазақстан облысында ауа райы жақсарып, егін орағы қайта жанданды. Бүгінгі күнге дейін диқандар 2 млн тонна астық бастырып үлгерді. Күзгі дала жұмыстарына 7 мыңнан аса комбайн жұмылдырылған. Биылғы бидайдың сапасы қандай? 

Биылғы жыл солтүстікқазақстандық диқандар үшін оңайға соқпай тұр. Тура орақ науқаны басталар тұста толассыз жаңбыр жауып, күзгі дала жұмыстары тоқтап қалған еді. Күн енді ғана ашылып, комбайндар егіс алқаптарына шықты.

Берік Бимеденов, бас агроном:
-Осы жаңбыр көп болғасын қиыншылық болды. Оған қарамай бидайды енді қазір жинап жатырмыз. Сапасы жақсы. 

Биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 4,5 млн гектар жерге дән себілді. Жауын-шашын бидайдың ылғалдылығына әсер етпей қойған жоқ. Сондықтан қырманда астықты кептіру жұмыстары қатар атқарылып жатыр.

Андрей Пахомов, шаруа қожалығының директоры:
-Қазір күніне 300 тонна бидайды кептіріп жатырмыз. Қондырғылар тәулік бойы жұмыс істейді. Құрғатылған өнімді қоймаға сақтап, келесі жылға тұқым қорын жинай бастадық.

Өңірде 50-ге жуық элеватор бар. Жиналған астықты кептіріп сақтауға Үкіметтен арзандатылған бағамен қосымша жанар-жағармай берілді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков