Хабар телеарнасы

Семейде қазақы құмай тазыларға арналған көрме өтті

Оған өңірдегі 30-ға жуық тазы мен баптаушылары жиналды. Абай облысында тазы баптап, аңға шығатындар аз емес.

Айдар Садуов – 10 жылдан бері тазы ұстаған кәнігі аңшы. Қолында бес тазысы бар. Оның айтуынша, иттің бұл түрі қолға тез үйренгіш, иесінің қас-қабағын ұғатын қасиетке ие. Алдындағы алған аңын да жәукемдемей, иесіне барынша таза күйінде ұсынады. Қазір Айдар бұл іске ұлын баулып жүр. 11 жастағы Әділжан Жеңістің сүйікті тазысы Жезкиік екен.

Әділжан Жеңіс, тазы баптаушы:
-Біз бірінші қар жауғанда әкем екеуміз аңға шығамыз. Кіші тазыларды да сонда алып кетеміз. Өйткені күшіктердің үлкен тазыға қызығушылығы болады. Мен тазы ұстайтын себебім, өйткені тазылар жеті қазынаның біріне кіреді. Оны бұрындағы ата-бабамыз ұстаған.

Ит – жеті қазынаның бірі. Оның ішінде бойына біткен ептілік, жылдамдық қасиеттері жағынан қазақы құмай тазыға тең келері жоқ. Семейде тазыларға арналған көрме өтуде. Оған 30-ға жуық тазы әкелінді. Жалпы мұндай шара Абай облысында алғаш рет ұйымдастырылып жатыр.

Иттер көрмесіне семейлік Сұлтан Уәлиханов екі тазысын алып келген. Жас қатысушыға тазы баптауды нағашылары үйреткен екен.

Сұлтан Уәлиханов, тазы баптаушы:
-Ауылда бір тазыға қатты көзім түсіп, содан күшігін алып, асырап бастағанмын. Кейінірек тазылардың қанын жөндеп, Енжебек ата деген кісілерден тазы алып, ұстап жүрміз.

Қазақы тазылар көрмесінде желдей жүйрік қазақы иттердің болмыс-бітімі сыналды. Сарапшылар иттің дене тұрқы, мінез-құлқын сараптады. Мақсат – құмай тазының тұқымын түгендеу. Тазасын сұрыптап, санын көбейту.

Әнел Балғынбаева, сарапшы:
-Өзім де қазақы құмай тазы ұстадым. Бұл ит кербез мінезімен менің жүрегімді бірден жаулап алды. Қазақы құмай тазының көзіне бір қарасаң жеткілікті. Оның жанарынан-ақ қаны таза екенін байқауға болады.

Қазақ халқы ежелден итті адамның досына, жеті қазынаның біріне балаған. Әділет Смағұлов көрмеге арнайы келіп, тазыға арнаған әнін шырқады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов