Хабар телеарнасы

Елімізде елді мекендердің жартысынан астамы газдандырылған

Нақтырақ айтсақ, халықтың 60%-і көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Бұл шамамен 12 млн адам. Аталған жұмыс одан әрі жалғасады, - дейді Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.

Депутаттарға есеп берген ведомство өкілі шикізат та жеткілікті екенін айтады. Былтыр 30 млрд текше метрге жуық газ өндірілсе, оның 19 млрдтан астамы ішкі нарыққа жіберілген. Жауаптылар: «Тұрғындардың газды үйге кіргізу жұмысын да біршама жеңілдеттік», - деп отыр.

Әлібек Жамауов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Құжаттарды алу саны мынадай көрсетілетін қызметтерге азайтылды. 7-ден 4-ке дейін техникалық шарттарды алуға, 9-дан 6-ға дейін газға қосылуға. Қабылданған шаралар газға қосылу процедурасын едәуір жеңілдетуге және жеделдетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ газға қосылу құнын төмендету шаралары қабылдануда.

Жиында депутаттар мен энергетиктер елде атом электр стансасын салу мәселесін де талқылады. Айтуларынша, АЭС – елдің энергетикалық қауіпсіздігін камтамасыз етумен қатар экологиялық мәселелерді шешуге де сеп болады. Өйткені ол көмірден алынатын энергия көздеріне тәуелділікті азайтып, ауаның ластануын төмендетуге ықпал етеді.